Перейти к содержимому
Главная страница » Болашақтың қаласы

Болашақтың қаласы

     Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Talgar Eco City жобасына жауапты «Talgar Development Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуды ашқан Марат Елеусізұлы облыс аумағынан бой көтеретін заманауи қала жобасының аймақ үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.

Ең алдымен Марат Сұлтанғазиев «Talgar Eco City» жобасын әзірлеген Біріккен Араб Әмірліктері мен отандық инвесторларға облыстың әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырды. Аймақ басшысының айтуынша, Алматы облысы – ауыл шаруашылығы мен туризмнің ірі орталығы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы оң көрсеткішке қол жеткізген. Бүгінде аймақта шетелдік капиталдың қатысуымен бірқатар ауқымды жоба жүзеге асуда.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әріптес­тер­мен ірі инвестициялық жобалар­дың іске асырылуын ерекше бақылау қажеттігін сан мәрте айтқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі кездесудің мәні зор. Бұл экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға жол ашады. Әрбір инвестор біз үшін маңызды. Сол себепті де бизнесті жүргізу үшін ашық, сенімді және жайлы жағдайларды қамтамасыз етуге дайынбыз. Біздің ынтымақтастығымыз өңірдің дамуына елеулі үлес қосаты­нына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз болатынына және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік беретініне сенемін», – деді Марат Елеусізұлы.
Өз кезегінде сөз алған «Talgar Development Ltd» компаниясы дирек­тор­лар кеңесінің мүшесі Хайссам Каддураның айтуынша, аталған жоба аясында тұрғын үй кешендері, мектептер, медициналық мекемелер, сауда ойын-сауық орталықтарын салу және жасыл қоғамдық кеңістіктер құру жоспарланған. Сонымен қоса жобада экологиялық тазалық және жасыл технологияны қолдануға басымдық беріледі. «Біз қазақстандық кәсіпорындармен бірлесіп, 11,8 млн шаршы метр аумақты қамтитын 180 000 тұрғынға арналған жаңа қала салуды көздеп отырмыз. Болашақ қала аумағында тұрғын үй кешендері, бизнес орталықтары мен білім беру, медициналық және әлеуметтік нысандар бой көтермек. Онда жасанды интеллект арқылы қызмет көрсететін жаңа инфрақұрылымдар салынады. Жаңа қала 36 мың жұмыс орнын ашуға және 14 миллиард доллардан астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді», – дейді Talgar Eco City жобасын таныстырған халықаралық деңгейдегі менеджер Хайссам Каддура.
Жиынға қатысқан ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев «Talgar Eco City» жобасындағы жаңа қала аумағынан ғылыми зерттеу орындарын салудың маңызды екенін тілге тиек етті.
Кездесуде аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Атап айтқанда, облыс әкімдігі инженерлік желілерге қосылу және 2028 жылға дейінгі Алматы агломерациясын дамыту бағдарламасы аясында сыртқы инфрақұрылымды жетілдіруге күш салатын болады. Айталық, «Talgar Eco City» жобасының Бас жоспарын БАӘ-нің AE7 ­халық­­а­ралық компаниясы әзірледі. Жобаны жүзеге асыру мақсатында биылғы шілде айында Алматы халық­аралық қаржы орталығының базасында қазақстандық «Dinar Holding Ltd» мен Әмірліктің «44Degree» компания­ларының қатысуымен «Talgar Development Ltd» бірлескен кәсіпорны құрылды.

Ерзат АСЫЛ