Перейти к содержимому
Главная страница » Құқықбұзушылыққа жол жоқ!

Құқықбұзушылыққа жол жоқ!

    Облыс әкімінің бі­рін­ші орынбасары Қанат Есболатовтың төраға­лы­ғымен өңірдегі құ­қық­бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қорытынды жиыны өтті. Онда басқа адамның мүлкін ұрлау, психоактивті заттарды қолдану және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар мен жұмыс барысы талқыланып, келесі жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Бірінші болып баяндама жасаған облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Тіленшин басқа адамның мүлкін ұрлау облыс бойынша ең көп таралған қылмыстың бірі екенін жеткізді. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, 2024-2026 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы нәтижесінде бұл қылмыс 23%-ға төмендеген. Жыл басынан бері 181 мал ұрлығы жағдайы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға азайған. Қанат Болатұлы әкімдікпен, мал және табын иесімен үшжақты келісімшарт болу керегін, малды уақытша ұстайтын қора-жайларды көбейту қажеттігін айтты.
Екінші мәселе психоактивті заттарды қолдану әсерінен болған психикалық мінез-құлық бұзылулары бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов баяндама жасады. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша диспансерлік бақылауда 2993 адам тіркелген. Бұл көрсеткіш биыл ұлғайған. Олардың 30,2%-ы – каннабиоидтарды, 42,9%-ы – аралас есірткілерді, 20,9%-ы – опиоидтарды және 5,9%-ы синтетикалық стимуля­торларды тұтынған. Соңғы бес жылда опиоид тұтынушыларының саны 1,5 есеге азайған, алайда аралас есірткі тұтынушылар 14,5%-ға, ал синтетикалық стимуляторларды пайдаланушылар екі есеге артқан. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап жастардың медициналық тәжірибеде қолданылатын азот тотығын қолдануы ерекше алаңдаушылық тудыруда. Жиын барысында бүгінде синтетикалық стимуляторларды тұтынушылардың көбейіп келе жатқанын және оны анықтайтын құрылғы санын көбейтіп, сатып алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс беру жайы сөз болды.
Комиcсия отырысында өңірдегі жол-көлік оқиғалары мәселесі де қарастырылды. Арман Тіленшиннің айтуынша, биыл жол-көлік оқи­ғаларының саны – 22%-ға, қаза болғандар – 2,7%-ға, жарақат алғандар 33,5%-ға өскен. Көрсеткіштің артуына жыл сайын автокөлік санының өсуі, жол-көлік оқиғаларын тіркеу тәртібінің өзгеруі, жүргізушілердің ережелерді өрескел бұзуы, жол жағдайы мен белгілердің болмауы себеп болған. Талқылау кезінде республикалық автожол бойындағы адам көп шоғырланған аймақтарда жылдамдық шегін төмендетіп, жүргізуші куәлігін алу, техникалық жағдайын тексеру кезіндегі шарттарды күшейту қажеттігі, көк тайғақ кезінде қолданылатын материалдың қысқа дайын болу керегі айтылды.
Облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Сағынай Мұсағитов жыл басынан бері облыстағы жалпы қылмыстың саны өткен жылмен салыстырғанда 16,1%-ға төмендегенін айтты. Оның ішінде қылмыстың аса ауыр түрі – 57%-ға, орташасы – 10,9%-ға, жеңіл түрі 16%-ға төмендеген. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев қайталанып жасалған қылмысты азайту, түрмеден босатылып шыққан азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу үшін әлеуметтік оңалту орталықтары ашылса деген ұсынысын білдірді.
Жиын қорытындысында Қанат Есболатов көтерілген барлық мәселе бойынша аудан, қала әкімдері облыстық құқық қорғау органдарымен, денсаулық сақтау басқармасымен және полиция департаментімен біріге отырып, қылмыстың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА