Әр адам таңдаған кәсібін сүйіп, оның қыр-сырын жетік меңгеріп, жұмысын жан-тәнімен атқарғанда ғана қоғам үшін пайдалы тұлғаға айналады. Міне, сондай өз ісіне шынайы берілген жанның бірі – Қонаев қаласының тұрғыны, Алматыдағы «Green Recycle» қоқыс сұрыптау зауытының механизаторы Бауыржан Момышұлы. Есімі де Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының құрметіне қойылған кәсіби маман Алматы облысында да еселі еңбек еткен.
Ол еңбек жолын осыдан отыз жыл бұрын Заречный ауылында механизатор болып бастаған. Одан кейін «Су арнасы» мекемесінде қызмет етіп, Арна ауылының әр үйіне су тарту ісіне белсене араласқан. Ол үшін Қапшағай қаласы мен Заречный ауылы әкімдерінің Құрмет грамотасын да алған.
– Кезінде Дінмұхамед Ахметұлы іргетасын қалап кеткен Қонаев қаласы бүгінде облыс орталығы атанып, көркейе түсуде. Осы қаланың отыз жылдан бергі тұрғыны ретінде қаланың қайта гүлденіп жатқанына шексіз қуаныштымын. Бұл – берекелі, құтты жер. Осында еңбек жолымды бастап, отбасылы, үйлі, бала-шағалы болдым. Бұл жерге кезінде еліміздің әр түкпірінен келіп, адамдар қоныстанған. Қазір де тұрғындар қатары Алматыдан, Талдықорғаннан келіп қызмет етіп жатқан мамандармен толығуда, – деді.
Кейіпкеріміз соңғы жылдары Алматы қаласындағы «Green Recycle» қоқыс сұрыптау зауытында еңбек етуде. Бұл – тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеумен айналысатын бірегей кәсіпорын. Мұндағы қалдықтар қайта өңдеуге немесе қайта пайдалануға деп бөлінеді. Престелген қалдықтар қайта өңдеу орындарына, ал өңдеуге келмейтін қоқыс қалалық полигонға жіберіледі. Бұл іс-шаралар өндірістік айналымға материалдарды көптеп қайтаруға ғана емес, сонымен қатар қоқыс шығару, оны бөлу шығындарын, қоршаған ортаның жалпы ластануын азайтуға, полигондар қатарын кемітуге мүмкіндік береді. Осында жүк тиегіш көлікті тізгіндеген Бауыржан ағамыз жұмысының өзіне ұнайтынын, қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалғанын алға тартады.
– Мұндағы техниканың бәрі жаңа. Отырсаң болды, зырылдап жүріп береді. Майын, суын көрсетіп тұрады. Бұрынғы тракторларды май-суын өзің тексеріп, қарайтынсың, өзің оталдыратынсың. Қазір келе жатып, кілтіңнің тетігін бассаң, тракторың оталып тұрады. Бір жері бұзылса, май-суы аз болса, бірден белгі береді. Бүгінде техниканың түрі көп. Мәселен, экскаватор өз алдына бөлек техника. Жер жыртатын «Беларусь» тракторлары мен жүк тиегіш көліктер өздігінше мықты. Техникалар өте дамыған. Ішінде керектің бәрі бар. Көліктерді күтіп ұстауға да ерекше мән беріледі. Қоқыс әкеліп төккен сайын машиналарды жуып, тазалап отырады. Трактор жүргізуден, жаңа техниканы меңгеруден шаршамаймын. Өйткені, бұл – менің бала кезден қызыққан кәсібім. Әуел баста Отарда әскери борышымды атқарып жүргенде танк айдадым. Одан соң трактор рөліне отырдым. Содан бері тоқтаусыз қызмет етіп келемін, бүгінде әмбебап маманмын. Шәкірттерім де көп. Жастарға өз білгенімді үйретуден шаршамаймын. Кезінде маған да өзімнен үлкен ұлты орыс механизатор трактормен жер қазуды үйреткен еді. Бастапқыда қиқалақтатып, жерді дұрыс қаза алмайтынмын. Сонда әлгі аға механизатор: «Техниканың да жаны бар, оны жүрекпен сезу керек. Әр нәрсені ынта-ықыласыңмен істегенде ғана жұмысың өнімді болады», – деп қалай дұрыс қазу керектігін үйретіп, көрсеткен. Сол себепті мен де жастардан білгенімді аямаймын. Шәкіртті басынан дұрыс үйретпей, қиқалақтатсаң, ары қарай солай кетеді. Жас мамандарды дұрыс тәрбиелеу керек, – деді өз кәсібінің майталманы.
Иә, расымен де жас шыбықты қалай исең, солай қарай өсетіні сияқты, жас маманды дұрыс баптап, тәрбиелеу маңызды. Ал шеберлік – күнделікті еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде пайда болады. Біз де өз кәсібін сүйіп, осы жолда талмай еңбектеніп жүрген Бауыржан ағаның еңбегіне толайым табыс тіледік.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қонаев қаласы




