ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Еңбекшіқазақ ауданына іссапармен келді. Еліміздегі жетекші медициналық ұйымдардың бірі саналатын Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық ауруханасында болып, аудандағы медицина саласының жай-күйімен танысты.
Аудан орталығы Есік қаласында орналасқан Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық ауруханасы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында күрделі жөндеу мен кешенді реконструкциядан өткен. Уақыт талабына сай МРТ, КТ, маммограф, УЗИ және тағы басқа озық медициналық құралдармен қамтылып, кабинеттер толық жабдықталған. Мұндағы мамандардың кәсіби білімі мен біліктілігін арттырып, отандық және шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына да бар жағдай жасалған. Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы артып, жұмысы жүйеленген.
2019 жылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету бөлімі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен Алматы облысы бойынша «Үздік тәжірибелер орталығы» ретінде айқындалды. Ал 2022 жылдың наурыз айында Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық ауруханасының базасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросымен әріптестікте әлемде алғаш рет медициналық-санитарлық алғашқы көмектің (МСАК) жаңа форматына негізделген Демонстрациялық платформа ашылды. Бұл платформа МСАК қызметтерін биомедициналық модельден пациентке бағытталған кешенді тәсілге көшіру бойынша тәжірибе алмасуға арналған.
Министрдің бұл сапардағы мақсаты да өңірдегі дәл осы алғашқы медициналық-санитариялық көмектің даму деңгейімен танысып, медицина саласына жаңа модельдерді енгізу барысын байқау болды. Министр алдымен аурухананың қабылдау аймағында көрсетілетін қызметтерді, соның ішінде пациенттерді тіркеу және маршрутизация жүйесі, бірыңғай колл-орталықтың жұмысы, ұлттық кері байланыс платформасына біріктірілген пациенттерді қолдау қызметімен танысты. «Бұл жаңашылдықтар медициналық қызметтерді халыққа барынша қолжетімді, ашық және түсінікті жеткізуге негізделген. Мұндағы ыңғайлы жазу және бағыттау жүйесі, пациенттерді қолдау қызметі, ашық кері байланыс – мұның бәрі медициналық көмек алуды ыңғайлы етіп, процесті жылдамдатады», – деген министр Ақмарал Шәріпбайқызы жүйеленген жұмысқа оң бағасын берді.
Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық ауруханасы Есік қаласы мен ауданға қарасты ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсететіндіктен, мұндағы жедел медициналық көмек пен мобильдік бригадалардың рөлі де маңызды мәселенің бірі. Министр: «Шалғай елдімекендердегі халыққа медициналық көмек дер кезінде көрсетіле ме?» – деген сұрақ қойды. Медициналық көмек көрсету тетіктері мобильді бригадалардың жұмысы жолға қойылғанын жеткізген ауданның бас дәрігері Жәмилә Әбеуова мобильдік бригадалардың қызметін қоса алғанда, МСАК шеңберінде шұғыл көмек көрсетуге ерекше назар аударылатынын айтты.
Аудандық ауруханадағы жағымды жаңалықтың бірі – мұнда ашылған амбулаториялық хирургия және микрохирургия орталығы. Мұны аудан медицинасының жаңа белесі деуге болады. Аз инвазивті әдістер арқылы жасалатын ем-шаралардан кейін науқастар ұзақ уақыт стационарда жатпай-ақ, бірден үйіне оралады. Бұл стационарларға жүктемені барынша төмендететіні анық. Биыл ашылған көз микрохирургиясы орталығында бүгінге дейін 40 науқастың жанарына сәтті ота жасалған. Заманауи медициналық құралдар, озық технология мен білікті мамандардың еңбегін министр жоғары бағалап, мұндай тәжірибені республика бойынша кеңейтудің маңызын атап өтті.
Ақмарал Шәріпбайқызы ауруларды ерте анықтауды басты міндет еткен аудандық ауруханадағы скрининг пен профилактика мәселесінің де мән-жайына қанықты. Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасы созылмалы инфекциялық емес аурулар, онкологиялық тәуекелдер, ми-қан айналымы бұзылыстары сынды денсаулыққа төнген басқа да қауіп-қатерді дер кезінде анықтау үшін тұрғындарды скринингтік тексерістерден өткізуді жүйелі жолға қойған.
Министр интеграцияланған қызмет көрсетудің жаңа форматы – отбасылық медицина моделімен, үздік тәжірибелер орталығының қызметімен танысты. Мұнда мультидисциплинарлық отбасылық командалар, патронаждық қызмет, мейіргерлердің дербес қабылдауы, ерте жастағы балаларға арналған даму орталығы, әлеуметтік және психологиялық қолдау бөлімшелері бір жүйеге біріктірілген. Бұл модель – түрлі жастағы топтарға жан-жақты, үздіксіз және кешенді қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарға сай жаңа формасы.
Аудандық ауруханадан кейін министр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Есік қаласының №1 перинаталдық орталығында болып, құрылыс жұмысын көрді. 110 орынға шақталған нысанның жаңартылуы – өңірдегі акушерлік көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытындағы маңызды қадам.
Сапар соңында Ақмарал Әлназарова аудан медицинасының даму қарқынын жоғары бағалап, Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасы елдегі денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың маңызды үлгілерінің бірі екенін атап өтті.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы



