6654 әскери бөлімінде майор Дюсупова Оксана Бауржанқызы психолог қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол әрбір сарбазбен жеке жұмыс жүргізіп, олардың психологиялық тұрақтылығы мен рухани саулығын нығайтуға зор үлес қосуда. Қызмет барысында сарбаздарға тек маман ғана емес, кейде ақылшы, кейде қамқор ана бола білген жан.
Оксана Бауржанқызы 21 жасынан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қатарында қызмет етіп келеді. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында ол әскери ортадағы психологиялық қолдаудың маңызын терең түсінетін, өз ісіне адал маман ретінде танылған.
Әскери психологтың басты міндеті – сарбаздардың күйзеліске түспеуіне, қызметке бейімделуіне және ұжымдағы өзара түсіністіктің қалыптасуына ықпал ету. Бұл бағытта майор Дюсупова Оксана Бауржанқызы жүйелі түрде тренингтер, жеке және топтық әңгімелер өткізіп, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалын үнемі бақылауда ұстайды.
Психолог күні – адам жанының саулығын қорғап, тыныштық пен сенім сыйлайтын мамандарға көрсетілетін құрметтің айқын көрінісі. Осы кәсіби мереке қарсаңында майор Дюсупова Оксана Бауржанқызын абыройлы қызметі үшін алғыс айтып, мықты денсаулық, отбасына амандық, ал қызмет жолында толағай табыстар тілейміз.
Қырғызбай Альбина Қайратқы,
6654 әскери бөлімі Бөлініс бастығы (кітапхана бастығы) кіші сержант




