Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылғаны белгілі. Бұл –
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші
орган, оның негізгі міндеті – Конституцияға ықтимал өзгерістер мен
толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Құжатқа сәйкес, комиссия төрағасы болып Конституциялық соттың төрайымы Эльвира Азимова тағайындалды. Оның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин
және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі
Аида Балаева. Комиссия құрамына жүзден астам адам енді. Олардың
қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің,
құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, бизнес пен бұқаралық ақпарат
құралдарының өкілдері, облыстар мен қалалар мәслихаттарының басшылары,
сарапшылар мен қоғам қайраткерлері бар.
Бүгін Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші
отырысы өтті. Комиссияның алғашқы отырысында түрлі саланың кәсіби
мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналып, ауқымды мәселе
талқыланды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған
Конституциялық реформаны азаматтық қоғам дұрыс қабылдайды деп
ойлаймын. Соңғы күндері Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі
бетбұрыстың алдында тұрғаны анық байқалады. Ал Конституциялық
комиссияның құрылуын тарихи оқиға деуге болады. Халқымыз расында ұлт
жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. Міне, осындай шешуші
сәтте Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға аса маңызды міндет
жүктелді. Оның жұмысының жемісті боларына сенемін.
Әскербек АБАЕВ, облыстың және
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы




