Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үш отырысы өтіп, онда бірқатар ұсыныстар талқыланды. Еліміздің Ата Заңына енгізілетін өзгерістер жайы да жан-жақты түсіндірілді. Комиссия отырысында айтылған пайымды ой-пікірлердің қабылданатын жаңа Конституциялық Заңға игі ықпал етері сөзсіз.
Конституциялық комиссияның үшінші отырысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев комиссия жұмысы қоғамның заманауи сұраныстарына жауап беретін Ата заңды дайындауға бағытталғанын атап өтті. Ол «AMANAT» партиясы реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып отырғанын және Президент бастамаларын қолдайтынын айтты.
Комиссия ашықтық қағидаттары мен барлық саяси партиялардың пікірін ескеру негізінде жұмыс істеуде, ал конституциялық өзгерістер институционалдық тұрғыдан мықты Парламент қалыптастыруға бағытталған.
«Бүгінгі таңда біз қолданыстағы негізгі заңға түзетулер енгізу бойынша ғана емес, Әділетті Қазақстанның сұраныстарына жауап беретін жаңа Конституцияны іс жүзінде қалыптастырып жатырмыз. Бұл, күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатына негізделген, билік архитектурасын жүйелі түрде қайта құру деген сөз», – деді Елнұр Бейсенбаев.
Ол бір палаталы Парламентке көшу заң шығару ісін жеделдетіп, саяси партиялардың рөлін күшейтетініне әрі депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратынына назар аударды. Сонымен қатар, отырыс барысында некені ер мен әйелдің одағы ретінде бекіту туралы, Конституцияның преамбуласын «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарына басымдық бере отырып жаңарту, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғауды күшейту жөніндегі түзетулер ұсынылды.
Комиссияның үшінші отырысында да ел дамуына негіз болатын маңызды мәселелер талқыланды.
Фарида Бектібаева,
Наурызбай батыр Құтпанбетұлы атындағы орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары
Жамбыл ауданы





