Перейти к содержимому
Главная страница » ӘН – КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ

ӘН – КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ

    Өнер көкжиегінде атақ-даңқы аспандап, халықтың қастер тұтар тұлғаларына айналып кеткен талант­тар шоғыры арамызда бар­шы­лық. Олардың шынайы өнеріне халық қашан­да қошеметпен қол соғып, лайықты құрмет көрсетіп, төбе­леріне көтеріп жатады. Таланттарды тани біле­тін қалың бұқара еш­қашан қателесе қой­майды.

Апта басында Қаскелең қалалық Мәдениет үйінде есімі ел-жұрттың жүрегіне ұялап қалған Қазақстанның Халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстан театр қайраткерлері қоғамының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сахна мен киноның саңлағы Тұңғышбай Жаманқұловтың «Өнер адамы» атты тақырыпта шығармашылық ән кеші өтті.
Бұл кеш талантты өнер қайраткерінің тұла бойында тұнып тұрған тағы бір қырын ашып берді. Оның аталған кеші жай ән салу кеші болған жоқ. Өзіндік ерекшелігімен өрнек тапты. Тұңғышбай Жаманқұлов әр орындайтын әнінің алдында ән тарихына орай әдемі әңгімесін айтып, көрермен қауымға жан сырын жасырмай айтып отырды. Еріксізден езу тартқызар әдепті әзілдері мен қағытпа қалжыңдарын айтудан да шет қалмады. Оның әсерлі әңгімесі де, өз мақамымен салған әні де көрерменді мәнімен, мазмұнымен терең ой құшағына қалдырумен болды. Мәселен, ақын Есенқұл Жақыпбековтің сөзіне жазылған, сазгер Қадырғали Көбентайдың «Өнер адамы» әні кімнің болсын сезімін селт еткізбей қоймады. Өнер адамының тағдыр тәлейін айқындап, ашып берген бұл әнді тарлан талант иесі нақышына келтіре орындады. Сол сияқты «Достар» әні де мұңға оранған әуенімен көрерменін елжіретіп тастады. Осы ән орындалып жатқанда сахнадан өмірден ерте кетіп қалған оның достары, «Тамашаның» тарландары Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев, Тасқын Құлыбеков, Уәйіс Сұлтанғазин бейнелерінің көрсетіліп тұруы көңілдерді босатып-ақ жіберді.
Сырласу кешінде көптеген жаңа ән орындалды. Олардың қай-қайсысы болса да халықтың жүрегінен жол тауып жатты. Бір сөзбен айтқанда, әншіге деген көрерменнің ризашылығында шек жоқ еді. Тұңғышбайдың бұл ән кешіне көршілес Жамбыл, Іле, Қордай аудандарынан көрермендердің көптеп келуі оның өнеріне деген зор сүйіспеншілігі мен құрметін паш етті. Есте қалар бұл кеште Қарасай аудандық әкімдігі Тұңғышбай Жаманқұловқа лайықты құрмет көрсетіп, сый-сияпатын жасап, ақ ниетті алғыстарын айтты.

Қанат ТӘКЕБАЕВ
Қарасай ауданы