Еліміздің жаңа Конституциясының бірінші жобасы Конституциялық реформа жөніндегі Комиссияның кезекті отырысында қаралды. Оны дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілген.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.«Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Ұсынылып отырған конституциялық түзетулер мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық бөлінбейтіндігі қағидаттарын сақтай отырып, елдің экономикалық дамуына жаңа серпін беруді көздейді. Конституциялық комиссия өкілдерінің мәлімдемесі көрсеткендей, Қазақстан аумағының тұтастығы мен оған қол сұғылмаушылығы туралы негізгі норма өзгеріссіз қалуы – реформаның басты қағидасы. Бұл мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар тұрақтылық пен егемендік кепілі болып табылады. Сонымен қатар, белгілі бір аумақтарда қаржы саласына қатысты арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалаларын» құру бастамасы – заман талабынан туындаған қадам.
Роза Исатева,
Еңбекшіқазақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы




