Егемендік пен аумақтық тұтастық – өзгермейтін құндылықтар негізіндегі Жаңа Конституцияның жобасы Қазақстанның мемлекеттік ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылып жатқанын оқып, танысып жатырмыз. Кіріспеден бастап, 11 бөлімнен, 95 баптан тұратын Жаңа Конституцияда егемендіктің иесі – халық екені де анық айтылыпты. Сонымен қатар Конституция мәтінінде референдумға қатысты мәселеге де ерекше мән берілгені, республикалық референдум ұғымы жалпыхалықтық референдум болып өзгертілгені де ескертіліпті. Бұдан бөлек, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді деген норма тұжырымдалыпты. Жалпы айтқанда Жаңа конституцияның бөлімдері мен баптарына, тармақтарына енгізілген тұжырымдамалар мен қағидалардың бәрі де мемлекеттің болашағы мен дамуына қатысты мәселелердің қажеттігінен туындап отырғаны айқын. Өз басым солай деп есептеймін. Бүгінде сарапталып, сараланып, елеп-екшеліп қабылдауға дайындалып жатқан Ата Заң Қазақстан халқының тағдырына, жаңаша өмір сүруіне лайықты қызмет етеді деп сенім білдіремін. Сондықтан, ел болашағының кепілі болатын Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын толығымен қолдаймын.
Бекболат БІРБАЕВ,
Райымбек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы




