Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – жаңа конституциялық реформа. Мемлекеттің негізгі құжатына енгізілетін өзгерістер әр сала өкілдерінің қызу пікірталасына ұласып, түрлі ұсыныстар айтылуда. Осы орайда Кеген аудандық кітапханашылары да шет қалмай, Конституцияның жаңа жобасын талқылауға Коворкинг орталығына жиналып, арнайы дөңгелек үстел өткізді.
Жиынды ашқан аудандық кітапхана директоры Индира Ахметова бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Конституция – елдің құқықтық негізі ғана емес, қоғамның рухани, мәдени дамуына да тікелей әсер ететін құжат.
– Бүгін біз қоғам үшін аса маңызды, ел болашағын айқындайтын тақырып, Қазақстан Республикасындағы Конституциялық реформа туралы ой бөлісу үшін бас қосып отырмыз. Конституция – бұл жай ғана заңдар жинағы емес, ол мемлекеттің бағытын белгілейтін, азаматтың құқығын қорғайтын, қоғамның ортақ келісімін бекітетін Негізгі заң. Соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты ерекшелігі- халықтың пікірін тыңдау, ашықтық және қоғамдық қатысуды кеңейту, – деді ол.
Іс-шара барысында Жылысай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айгерім Алғадайқызы «Конституциялық реформа: өзгертулер мен толықтырулар», Тоғызбұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсел Қайырбекқызы «Жаңа Қазақстан: конституциялық реформаның рөлі», Алғабас ауылдық кітапханасының кітапханашысы Жадыра Қайратқызы «Құқықтық мемлекетке қадам: кітапхана арқылы құқықтық білім тарату» тақырыбындағы мазмұнды баяндамаларын оқып, реформаның қоғам өміріндегі рөліне тоқталды.
Жиын барысында дөңгелек үстел қатысушылары Конституцияның жаңа жобасына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салып, Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіруге, оқырмандар арасында оң ақпараттық жұмыстар жүргізуге дайын екендерін жеткізді.
– Кітапхана – қоғамның ой-санасын қалыптастыратын, азаматтық мәдениетті көтеретін орта. Сондықтан Конституциялық реформаны түсіндіруде, халыққа жеткізуде кітапханашылардың рөлі ерекше. Біз – ақпаратты тек таратушы емес, оқырманға дұрыс түсіндіретін, сауатты талдау жасауға көмектесетін мәдени-ағартушы көпірміз, – деген Индира Әлиқызы жиынды қорытындылап, алдағы уақытта да кітапхана қабырғасында құқықтық мәдениетті көтеретін кездесулер, пікірталастар, ақпараттық сағаттар, көрмелер ұйымдастыру арқылы қоғамға пайдалы қызмет етеді деген сенімін білдірді.
Дөңгелек үстел еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға және алдағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын нақтылауға мүмкіндік берді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы




