Қазіргі таңда еліміздегі ең бір маңызды саяси мәселенің бірі – жаңа Конституцияның жобасын талқылау болып жатыр. Арнайы құрылған комиссия мүшелері жаңа Ата Заңның мәтінін көпшілікке ұғынықты әрі қазақи рең беріп жазғаны көрініп тұр. Маған ұнағаны, заң алдында барлық адамның теңдігі, жауапкершілігі нақты жазылғаны. Жаңадан құрылатын Парламенттің атауы жаңаша нұсқада Құрылтай деп аталатыны да қазақилыққа жақын. Әрі өткен тарихымызға терең бойлап, ата-бабадан қалған рухани мұраны да жас ұрпаққа дәріптеу, ұлы даланың ұлағатын кейінгі жастарға жеткізу де көңіл көншітерлік.
Сол сияқты отбасылық құндылықтарға, мәдениет пен өнерге ерекше тоқталып, арнайы баптар көзделгені көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Алайда Конституцияда еліміздің мемлекеттік тілі туралы бап қарапайым халықтың көңілінен шықпай жатқан сияқты. Бұған өзімнің жеке пікірімді білдіретін болсам, мемлекеттік тіл қазақ тілі болып қалғаны дұрыс, әрине. Бірақ орыс тілін мемлекеттік тілмен теңестірудің қажеті жоқ. Өйткені орыс тілі онсыз да көп қолданылатын тіл. 9-бапқа қатысты дұрыс шешім алдағы болатын жалпыұлттық референдумда өз орнын табады деген ойдамын. Ең негізгісі – жаңа Конституция еліміздің өркендеп өсуіне үлес қосып, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер деңгейіне қазақ ұлтын жеткізеді деген сенімдемін.
Аида Ысқақова,
Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі,
Жамбыл ауданы
