Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әуелі парламенттік реформа ретінде басталған саяси өзгерістердің соңы конституциялық реформаға ұласты. Өйткені, Сенатты жойып, бір палаталы парламентке өту үшін Ата Заңның 50-ден астам бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады. Президент сөзімен айтсақ, бұл – Жаңа Конституция қабылдаумен бірдей еді. Сол себепті де арнайы Жарлықпен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, ол өте қауырт және өнімді жұмыс істеді. Тек комиссия мүшелері, саяси партиялар, саясаттанушы ғалымдар мен маман сарапшылар ғана емес, бүкіл қоғам болып өздерінің жеке пікірлерін ашық білдіріп, нәтижесінде тез арада жаңа Конституцияның жобасы дайындалды.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасы Эльвира Әзімова мәлімдегендей, жалпы 10400-ден аса ұсыныс келіп түскен. Олардың бәрі жүйеленіп, тақырыптық бағыттар бойынша топтастырылып, құқықтық және мазмұндық талдау жүргізілді. Мұндай белсенділік қоғамның мемлекет ретінде болашақ даму бағыттарына бей-жай қарамайтынын, елдің келешегі үшін тек билік ұйымдары емес, сол мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде өз өкілеттігін сайлау және сайлану құқы арқылы жүзеге асыратын әрбір азамат, бүкіл қоғам жауапты екенін терең түсінетінін дәлелдейді.
Жалпы, бұл реформаның басты ерекшелігі – халқымыз бұрынғы «бізден сұрамайды, біздің пікіріміз ешнәрсе шешпейді» деген бұйығы тірліктен біртіндеп арылып, елдің тағдыры, мемлекеттің тағдыры үшін әрбір азамат жауапты екенін сезінгенінде деп ойлаймын. Осы тұрғыда комиссия мүшелері, саяси технологтарға рахмет айтуымыз керек. Мейлі олар көпшілік қабылдай қоймайтын ой-пікірлерін әдейі айтсын немесе басқа оймен білдірсін, қайткенде де қалың жұрттың қытығына тиіп, санасын сергітті, белсенділігін арттырды. Меніңше, нағыз демократиялық қоғам, келешегін ойлайтын елде осылай болуы керек. Ешкім бейтарап қалмауы, өз ойын ашық білдіруі және Ата Заңда айқындалатын құқықтарының сақталуын, мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілуін қоғам болып жұмыла талап ете білуі тиіс. Сонда ғана қазіргі кезде орын алып жатқан кейбір келеңсіздіктер мен заңсыз әрекеттерді жоюға, түптің түбінде келешек ұрпақ үшін алаңсыз өмір сүруге болады.
Осыған байланысты бір оқиғаны айта кетейін. Мен 2011 жылы қараша айында «Әділет» партиясының Астанада өткен съезіне қатыстым. Ол кезде Мақсұт Нәрікбаев ағамыз тірі, осы партияның төрағасы. Сьездің жұмысы ашық деп жарияланып, делегаттарға тәуелсіздік тарихы және партияның жұмысы туралы бейнежазбалар көрсетілді. Төрағадан бастап, сөзге шыққындар: «Алдағы Парламент Мәжілісіне сайлауда біз жеңеміз, парламенттік партия атанамыз» деп ұрандатып жатыр. Бірақ ешқайсысы қайтіп жеңетінін, оның қандай негізі бар екенін айтқан жоқ. Соны түсінбеген мен съез аяқталар тұста сөз сұрап, мінберге шықтым да:
– Ешқайсыңыз сол жеңіске қалай жететін әдіс-тәсілдер мен тетіктерді айтпадыңыз. Ол – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы мен Павлодар облысының Баянауыл ауданынан келген екі азаматтың сөзінде жатыр. Олар соңғы жарты жылда мыңдаған адамды «Әділет» партиясының қатарына тартыпты. Бұл не деген сөз, демек сайлауда жеңіп, парламенттік партия атану үшін оның ел аумағындағы мүшелерінің саны ана 7 пайыздық мөлшерді бағындыратын деңгейден артық болуы тиіс. Басқаша айтқанда, өзгелер дауыс бермеген күннің өзінде сіздер тек партия мүшелерінің дауысымен-ақ Парламентке өтетіндей жағдайға жетулеріңіз керек. Ал басқа аудандарды айтпағанда, әлі біраз облыстарда филиалдарыңыз жоқ. Сондықтан бүкіл ел көлемінде партияның филиалын ашып, мүшелерінің санын еселеп көбейтулеріңіз керек. Сонда ғана Парламенттен орын аласыздар деп сенімді түрде айтуға болады. Менің ұсынысым осы, – дедім.
Сәлден кейін съез аяқталды. Біз, әріптесім Жарылқап Қалыбай екеуміз екінші қатардан түсіп келе жатыр едік, Мақсұт Сұлтанұлы бізге қарай жүріп, менің қолымнан алып:
– Айналайын бауырым, мың жаса! Қалғып отырған халқыңды ояттың ғой! – деп ризашылығын білдірді.
Мұны неге айтып отырмын. Жаңа Конституция бойынша келешекте Құралтай тек партиялық тізім бойынша сайланатыны айтылып жатыр. Демек, партиялық жұмыстар жандануы керек. Саяси партиялар туралы заңға да өзгерістер енгізіліп, ол айтарлықтай жеңілдетілуі тиіс. Меніңше, бұл – қоғам мүшелерінің белсенділігін арттырып, нағыз демократиялық дамуға бастайтын жол.
Тағы бір маңызды мәселе – ауылдық мәслихаттарды қалпына келтіру керек. Бұл да өкілетті халық билігінің ең төменгі және негізгі буыны ретінде азаматтық белсенділікті арттырып, жергілікті жерлердің дамуына әсер ететіні сөзсіз.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
ҚР Мәдениет қайраткері, ардагер журналист
Талғар ауданы
