Елімізде баспаналы болу мәселесі басты проблема болып тұрғаны жасырын емес. Үлкен қалаларда, тіпті облыс орталықтары мен аудандарда бұл мәселе өзектілігін жоймауда. Бүгінгі күнде Ұйғыр ауданында 2600-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Осы мәселенің түйінін сәл де болса тарқату мақсатында соңғы екі-үш жыл көлемінде 60 пәтерлі екі үй баспанасыз жүрген азаматтарға берілді.
2024 жылы Шонжы ауылында 40 үй салу үшін 896 миллион теңге бөлінген болатын. Аудандық құрылыс бөлімі «Компания Строй Индустрия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасқан. Жуырда сол 40 үйдің 17-сі өз иелеріне табысталды. «Отбасы банкі» арқылы кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға тұрғын үй жалға берілді. Әрине, құны өтелген соң ол үйлерді азаматтар жекеменшікке ала алады. Он жеті тұрғын үйдің төртеуі жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, бесеуі І, ІІ топтағы мүгедек азаматтарға, екі үй мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған жандарға, бес пәтер толық емес отбасыларға берілсе, біреуі жауынгерлік іс-қимыл ардагеріне табысталды. Бәрі де жылдар бойы баспана кезегінде тұрып, сарыла күткен азаматтар.
Баспана кілтін табыстау салтанатына аудан әкімі Бота Елеусізова қатысып, тұрғын үй иелерін құттықтады. Өз сөзінде кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Үйлі болып жатқан 17 отбасына жақсылық тілеп, бұл да болса мемлекетіміздің қамқорлығы екенін сөз етті. Ал ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітов болса ақ батасын беріп, ақжарма тілегін ақтарды. Су жаңа баспананың лентасын қию құрметіне аудан әкімі Бота Серікқызы, қоғамдық кеңес төрағасы Құралбек Ахметбайұлы, ардагер ұстаз Ноғайбек Дәуренбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітовтер ие болды. Үйлі болған жандардың қуанышына алыс-жақыннан келген ағайын-туыс пен ауданның атқамінер азаматтары ортақтасып, жаңа баспаналарға бас сұғып, берілген баспана кілті бақыттың кілті болуын тілеп жатты. Қоныстой иелерінің де қуаныштары қойындарына сыймай, алғыстарын жаудырды. Бұл күні 17 шаңырақ шаттық тойын тойлады. Қарадалада алдағы уақытта әлі де қоныстойын тойлайтын азаматтар саны артпақ. Оған күн санап бой түзеп жатқан жаңа үйлер куә…
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы




