Қонаевтағы қазақ орта мектеп-лицейінің мәжіліс залында қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күніне арналған «Шабытымның шамшырағы – ана» атты мерекелік кеш өтті. Балалар өнер мектебінің педагогтері Индира Әбілтаева мен Алтынай Бекенованың орындауындағы «Абзал ана» әнімен шымылдық түрген салтанатты шарада Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева жиналған қауымды құттықтады.
– Ұстаз – шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп, ақылымен жол көрсететін, қамқорлығымен бағыт беретін екінші ана, ұлт болашағының шамшырағы. Бұл мерекеде білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер-ұстаздар мен ұлағатты басшыларға ерекше алғыс білдіреміз. Сіздердің атқарған қажырлы еңбектеріңіз – бүгінгі біздің жетістігіміздің берік іргетасы. Өмірлік тәжірибелеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіз – өскелең ұрпақ үшін әрқашан таптырмас тағылым мектебі, – деген білім бөлімінің басшысы осынау жарқын мерекеде баршаның алға қойған асыл мұраты жүзеге асып, өмір жолының сәттілікке толы болуына тілектестік білдірді.
Сахна төрінде білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, тәжірибе мен өнеге қалдырған Дәметкен Нүсіпбекова, Раиса Ешімова, Сәуле Нұрсолтанова сынды ардагер-ұстаздарға құрмет көрсетілді. Зейнетке шыққан ақ жаулықты апалар және саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан арулар Алғыс хатпен марапатталды.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Талай дарынның бағын ашып, жұлдызын жаққан «Жас музыкант» байқауының облыстық кезеңінде топ жарып, Астанада өтетін республикалық жарысқа жолдама алған Руслан Мұхамеджанов өзінің шеберлігін, музыкаға деген шексіз махаббатын көпшілікке паш етті. Бұдан кейін Нұржарыс Нұрғожаев, Несібелі Нұржолы, Ақерке Жарылқап халық әндерін асқақтата шырқап, кеш көрігін қыздыра түсті. Сонымен бірге «Визави» халықтық-сахналық би ансамблі, «Әдемі-ай» хоры, «Тұлпар сазы» домбырашылар ансамблі өз өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




