Кеген аудандық Мәдениет үйінде шұғылалы көктемнің шуақты мерекелерінің бірі – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауданның ардақты аналары мен түрлі салада еңбек етіп жүрген асыл жандар қатысты.
– Ауданымызда ердің жүгін көтеріп, басқарма, мекеме басқарып жүрген, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан әпке-қарындастарымыз баршылық. Қоғамның түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандардың жетістігін атап өту міндетіміз. Біз сіздермен мақтанамыз, – деп жылы лебізін білдірген Нұрбақыт Молдахметұлы аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Иманәліқызына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасын, аудандық қазынашылық басқармасы басшысы Ғайсагүл Тұрғанқызына «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, аудандық кітапхана директоры Индира Ахметоваға жаңа қызметтік көлік кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ түрлі салада абыройлы қызмет атқарып жүрген бірқатар қыз-келіншектерге аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Аудан прокуроры Алмат Әметжанұлы, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, ақсақалдар алқасының төрағасы Қуанышбек Төлепбердиев, аудандық «Қорғау» кәсіподағы филиалының төрайымы Рысалды Таударбекова әйелдерді мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, бақ-береке тіледі.
Салтанатты жиын соңы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысы Түп аудандық шығармашылық ұжымының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




