Алғыс айту – адамгершіліктің белгісі. Қарапайым ғана «рахмет» деген сөздің өзі адамдар арасындағы сыйластықты арттырады. Сондықтан алғыс айту мәдениеті кез келген қоғамда ерекше орын алады. Біздің елімізде көктемнің алғашқы күні аталып өтетін Алғыс айту күні – мейірімділік пен ризашылықтың мерекесі. Осы атаулы күнге орай Талғар ауданындағы№23 жалпы білім беретін орта мектебінің 4 «Б» сынып жетекшісі И. Жукова тағылымды әрі әсерлі іс-шара ұйымдастырды.
Мерекелік шараның басты мақсаты – оқушылардың бойындағы ризашылық сезімін қалыптастыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу және еліміздегі ұлттар достығын насихаттау.
Шара барысында көріністер қойылып, көрермендерге алғыс айтудың мәні мен маңызы кеңінен түсіндірілді. Оқушылар алғыс айтып, өлеңдер оқып, әсерлі әндер орындады. Әсіресе ата-анаға, ұстазға және достарға арналған шынайы лебіздер көпшіліктің көңілін толқытты.
Шара соңында мектеп директоры Елмира Бейсембаева сөз сөйлеп, ата-аналарды мерекемен құттықтады. Мектеп пен ата-ананың тығыз байланысы, бірлескен еңбегі – оқушының жан-жақты дамуына жол ашатын маңызды қадам екенін айтып, ынтымақтастықтың нәтижесінде сыныпта тәртіп, білім сапасы және ұйымшылдық жоғары деңгейде қалыптасатынын жеткізді. Жас ұрпақты мейірімділікке, адамгершілікке және сыйластыққа тәрбиелеу ортақ міндет екенін алға тартты.
Алғыс айту – адамдарды жақындастыратын, жүректерге жылу сыйлайтын қасиетті сезім. Әр адам күнделікті өмірінде өзгелердің еңбегін бағалап, ризашылығын білдіріп отырса, қоғамымызда мейірімділік басым болады. Сондықтан «рахмет» деген сөзді жиі айтып, айналамыздағы адамдарға құрмет көрсетуді ұмытпауымыз керек. Алғыс айту күні – бізге осы құндылықтарды еске салып, жақсылық жасауға үндейтін маңызды мереке. Алғыс айту күніне арналған бұл мерекелік кеш те өз мәресіне жетіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Осындай тағылымы мол шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштікті арттырып,ризашылық сезімді нығайта түсетіні сөзсіз.
Шынар Серғали,
№23 жалпы білім беретін орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Талғар ауданы



