Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың еліміздің Қарулы Күштері қатарында мерзімді қызмет атқарған әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы Жарлығына сәйкес, ҰҚК Шекара қызметінің сарбаздары бірінші болып, туған үйлеріне орала бастады.
Осы аптада ең алдымен Алматы облысы бойынша департаментінің Ақпараттық қауіпсіздік бөлімі «Көктем-2025» шақырылымының сарбаздарын шығарып салу рәсімін өткізді. Шарада өздеріне жүктелген міндетті абыройлы орындағаны үшін қатардағы жауынгерлер: Еркебұлан Мейранбекұлы, Әділбек Кенжеғұл, Жәнібек Кәрімжан, Абылайхан Серікбай және Таңнар Ділмұрат департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник А.Алиевтің Алғысхатымен марапатталды. Бөлім бастығының орынбасары лейтенант Азиз Османов үйлеріне оралатын маңызды сәт туған сарбаздарға Отан алдындағы адал қызметтері үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар, мұндай сүйінші жаңалықты Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының үйге оралатын күнді асыға тосып жүрген сарбаздары да қуана қарсы алды. Әсіресе аталған шекара басқармасына қарасты «Сұңқар» шекара бөлімшесінің сарбаздары осынау жүрекжарды сәтті әлеуметтік желілердің біріне салып үлгеріпті. Мұнда әскери көлікке отырған өздерінің қаруластарымен қол бұлғап қоштасып жатқан шекарашылар көрінеді.
Иә, бұл – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Әскерден қайтатын сәт туғанда сарбазды алдымен шекара бөлімшесінің бастығы соңғы рет сапқа тұрғызып, барлығымен, қол алысып, қоштасады. Сосын, кезек әскердің қызығы мен қиындығы қатар өрілген өмірін бірге өткерген қарулас достарына келеді. Олар достары мінген көлікті қақпадан итеріп шығарады… Осы сәттен бастап, сарбаздар үшін «қарулас» деген ұғым – нағыз достықтың белгісі. Бұл – бала кезден бері жалғасып келе жатқан нағыз достықтан да артық…
…Сонымен, Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының ұжымы 100-ге тарта сарбазды туған үйлеріне салтанатты жағдайда шығарып салды. Ал Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Т.Табылдиевтің айтуынша, алғашқы болып, 24 сарбаз басқармамен қоштасқан. Әскерден кейін қызметтерін келісімшарт шарт негізінде жалғастыруды шешкен жеті сарбазға бұйрық шығыпты. Тағы да бір сүйінші жаңалық, үш сарбаз шекарашы офицер атану үшін ҰҚК Шекара академиясына оқуға түсуге бел буған көрінеді. Ал туған үйлеріне оралған сарбаздар жауынгерлік даярлық қызметінде көзге түскені үшін шекара басқармасы бастығының грамотасымен марапатталып,осындай патриот ұл тәрбиелегені үшін олардың ата-аналарына Алғысхат жолданатын болды.





