Қонаев қаласында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 1 сәуір – Халықаралық құстар күні қарсаңында Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы, білім басқармасы мен орман шаруашылығы мекемелерінің ұйымдастыруымен «Табиғат қанатында – Taza Life» атты экологиялық акция өтті. Шараның мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, құстарға қамқорлық көрсетуге, табиғатты аялауға баулу. Акция барысында қатысушылар өздері дайындаған құс ұяларын орнатты.
– Көктеммен бірге туған өлкеге қайта оралған құстарға жанашырлық таныту – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Елімізде мұндай көлемдегі акция өткен жылы бірінші рет Алматы облысында ұйымдастырылды. Былтыр 1000-ға жуық құс ұясы дайындалып, арнайы орындарға қойылды. Биыл көрсеткіш одан да көп. Бұл бастама өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға, мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелейді. Акция облыстың барлық ауданы мен қаласында сәуір айының соңына дейін жалғасады, – деді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешов.
«Қоршаған ортаны қорғау – әр адамның міндеті. Еркіндік сомволына айналған құстарға пайдамның тигеніне қуаныштымын» – деді шараға қатысқан Қонаев қалалық Шоқан Уәлиханов атындағы №2 гимназия оқушысы Әлімжан Тұрдалиев.
Гүлзат БАЙҚОНЫС




