Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қарасай ауданының тұрғындары көптен күткен қуанышқа қол жеткізді. Бұл жолы әлеуметтік осал топ санатына жататын 14 азамат жаңа баспана иесі атанды.
Салтанатты рәсімде аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Төлепберген
жаңа қоныс иелерін баспаналы болуымен және Наурыз мерекесімен құттықтап, шаңырақтарына шаттық тіледі.
Жаңа қоныстанушылардың ішіндегі ең үлкені – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген Рахматулла Абдулкаримов. Көпті көрген қария алдымен ұлтымыздың ежелгі дәстүрі бойынша жиылған қауымға ақ батасын арнады. Сондай-ақ тұрғын үй саясатына қатысты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарып жатқан жұмысы үшін аудан басшылығына алғыс білдірді.
Бұл күні тұрғын үй кезегінде тұрған Жұлдыз Раматуллаева, Гүлмира Балғалиева, Гүлнара Молдабекова, Шынар Сәдуақасова және Мариям Байыс сынды жандар баспаналы болды. Сонымен қатар көпбалалы аналар – Айгерім Дүйсебаева, Эльнара Дурсунова және Сайрангүл Көпкаева да көптен күткен қуанышқа қол жеткізді. Ал Алина Рахымжанова мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасының өкілі ретінде баспана иеленді.
«Жетім балалар» санатына жататын төрт жас азаматтың өмірінде де үлкен қуаныш орын алды. Олардың қатарында Ақмарал Омарбекова, Милана Новикова, Жандос Сұлтанов және Геннадий Трощий бар.
Айта кетерлігі, сегіз жаңа қоныстанушы Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінің Елтай ауылындағы жалдамалы тұрғын үйлерден пәтер алса, алтауы Қаскелең қаласынан баспаналы болды.
Қуаныштысы сол – мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, алдағы уақытта тағы 250 жаңа қоныстанушыға пәтер кілті табысталмақ.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы





