Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың «JOVO ENERGY» ЖШС өкілдерімен кездесті. Жиын барысында компания жұмысы таныстырылып, ұсынылған инвестициялық жоба талқыланды.
Аталған компания газ қоймасын салу, оны сақтау және пайдалануға беру бойынша үлкен тәжірибеге ие. Олар облыста 2 млрд текше метр көлемінде газ қоймасын салуға ұсыныс жасады. Оның активтерінде сұйытылған табиғи және мұнай газын сақтауға арналған ондаған резервуар, 50 мың тоннаға дейінгі кемелерді қабылдайтын жеке айлақтар, сондай-ақ жүзден астам цистерна бар. Өңір үшін ең маңыздысы – газды сұйылту және сақтау қондырғыларын салу мен пайдалану тәжірибесі. Компанияның ауқымы айтарлықтай үлкен. Оның нарықтағы құны жақында 2,3 миллиард доллардан асты. Сутегі мен гелий сияқты арнайы газ сегментін де белсенді дамытып келеді.
Марат Елеусізұлы өңірде ірі жобалар іске асырылып жатқанын және халық санының жылдан-жылға өсуі байқалатынын жеткізді. Соған орай газ мәселесі де өзекті екенін айтты.
– Қазіргі уақытта «JOVO ENERGY» ЖШС өз жобасын таныстырды. Ендігі кезекте біздің тарап «QazaqGaz» компаниясымен бірлесіп, өңірге қанша көлемде газ сақтау нысаны қажет екенін айқындауы керек. Облыстағы газ тұтынудың әр маусымдағы ерекшелігін нақты есептеп, қажетті қуаттылықты дәл анықтауға міндеттіміз. Сонымен қатар жер телімін бөлу мәселесі де назарға алынуы қажет. Геологиялық жағдай мен логистиканы ескере отырып, нысан орнын мұқият таңдау аса маңызды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов.
Компанияның жобаны іске асыру үшін Алматы облысын таңдауы кездейсоқ емес. Өңірде әсіресе қыс мезгілінде газ тұтыну деңгейі айтарлықтай өседі. Осыған байланысты көлемді газ сақтау нысанын салу жүктемені реттеуге, сондай-ақ тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындарын энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әзірге екі тарап өз міндет, шарттарын ұсынды. Зерттеу, зерделеу жұмыстарынан кейін жоспарға сай жұмыстар атқарылады. Егер келіссөздер сәтті аяқталып, барлық техникалық және экономикалық талаптар сәйкес келсе, облыста ірі газ сақтау қоймасы салынуы мүмкін.
Гүлзат БАЙҚОНЫС





