Көктемнің шуақты лебі сезіліп, табиғат түлеген шақта адамзаттың рухани жаңғыруы мен ізгілікке ұмтылысын айқындайтын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Сүмбе ауылында айрықша сән-салтанатпен аталып өтті. Бұл ауылдағы бір ерекшелік – мұнда қазақ пен ұйғыр халқы төсекте басы, төскейде малы қосылған дейтіндей, тату-тәтті, бір үйдің балаларындай жарасымды ғұмыр кешіп келеді.
Тамыры тереңге кеткен достық пен татулықтан құралған осынау қасиет – ауылдың әлеуметтік тұрғыда өркендеуіне, мәдениетінің кемелденуіне берік негіз қалаудан айныған емес. Биылғы Наурыз мерекесі де ежелден қалыптасқан жарасымды дәстүрдің жалғасы ретінде «Ынтымақ – ырыс кепілі» деген айшықты атаумен жоғары деңгейде аталып өтті. Ертеңгісін Мәдениет үйінің алдына жиналған ауыл тұрғындары, ұлттық киімдерімен ұлық мерекеге құрмет көрсетті. Бірімен бірі төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасты. Ұлыс оң, ақ мол болсын деген ыстық ықыластан туған ақ тілектердің тиегін ағытып, мәре-сәре болысты. Қазақ пен ұйғырдың еңбекқорлығын, қонақжайлылығын айқындайтын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тәлім- тәрбиелік ғибартқа толы үрдістер ауыл өнерпаздарының дайындаған сахналық қойылымдары, әуелете салған әсем әндері, мың бұралған билері, қолөнер көрмелері арқылы мерекенің сәнін кіргізіп, адамдардың көңілін көкке көтерді.
Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шараның беташары ауыл әкімі Азамат Серікұлының ауыл тұрғындарын құттықтауымен басталды.
– Ардақты ағайын! Қадірлі ауылдастар! Сіздерді жаңару мен жасампаздықтың, береке мен бірліктің бастауы – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ата-бабамыздан мирас болған бұл мереке халқымыздың ынтымағы мен татулығы, кең пейілі мен дарқан көңілін айшықтаумен келеді. Татулық пен сыйластықты ту еткен ауыл тұрғындары ұлтқа, ұлысқа бөлінбей, ерен еңбектері мен ауызбіршіліктерінің арқасында ауылымыз күннен-күнге көркейіп келеді. Осындауй ынтымақты елдің мерекесі әрдайым берекелі болатыны анық. Осы жарқын мереке күні әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, ырыс пен дәулет тілеймін. Дастарқандарыңыз мол, көңілдеріңіз шат, денсаулықтарыңыз мықты болсын! Ұлыстың ұлы күні қуаныш пен жақсылық әкелсін, – деген ауыл әкімі бір ауылда қатар жасап жатқан қазақ пен ұйғыр халқының татулықтан айнымаған береке-бірлігінің баянды болуын ақжарма тілектері арқылы жеткізді. Ауылдағы ұйғыр азаматтарының жігіт басы Бахтычат Низамов, кәсіпкер Сатурин Шахамов, тағы басқа да адамдар ізгі ниетке толы ықыластарын арнады. Ауылдың қарт тұрғыны Қуатқұл қария ақ батасын берді. Жеті түрлі дәмнен істеліп, иісі мұрын қытықтаған наурыз көже де ұлыстың абыройын асырды. Мәдениет үйі жанынан құрылған «Алтын шаңырақ» әжелер ансамблінің орындауындағы халық әні «Беу, айдай!», Қуандық Ысқалиұлы, Толғанай Жайырбекқызы, Адильям Алимжанқызы, Нахильям, Розагүл, Дильшат Бахтычатұлы сияқты өнерпаздар орындаған ұлттық әндер мен билер, арқан тарту, қол күрестіру сияқты спорттық ойындар өзіндік ерекшелігімен өрнек тапты.
Сүмбе ауылында қоян-қолтық араласып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан қазақ пен ұйғыр халқының Наурыз мерекесін ұйымшылдықпен атап өтуі – татулық пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетті. Ел ішіндегі бірлік пен келісімнің беріктігін, ынтымақ-ырыстың кепілі екенін тағы бір мәрте айқындап берді.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




