Наурызнама онкүндігі аясында елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы қоғамда экологиялық жауапкершілікті күшейтудің нақты көрінісіне айналды. Әсіресе, «Тазару күні» аясындағы шаралар табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті қайта жаңғыртуға бағытталған. Алматы облысында бұл игі іс Еңбекшіқазақ ауданынан басталып, көпшілік қолдауына ие болды.
Түрген шатқалындағы Киелі бұлақ маңына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев, «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қызметкерлері, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мамандары, «Аймақтық гидрогеологиялық-мелиорациялық орталық» РММ өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, еріктілер, оқушылар мен жастар, сондай-ақ су шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан 70-тен астам студент бар – барлығы 300-ден аса адам жиналып, «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында аумақты қоқыстан тазартты. Сондай-ақ ағаш көшеттерін отырғызып, аумақты көгалдандыруға үлес қосты.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев экологиялық мәдениетті қалыптастыру – уақыт талабы екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғатты қорғау тек мемлекеттік саясаттың бөлігі ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.
Тазартылған бұлақ – жергілікті халық үшін ерекше маңызға ие табиғи нысан. Көпшілік оны тек су көзі ретінде ғана емес, рухани тазару орны ретінде де бағалайды. Ел аузында тараған аңыздарда бұл судың емдік қасиеті бар екені айтылады.
Осындай табиғи әрі мәдени маңызы бар орындарды сақтау – тек экология емес, ұлттық құндылықтарды қорғау деген сөз. Бұлақ маңындағы тарихи символдар мен көрнекі элементтер бұл жердің ерекше мәртебесін айқындай түседі.
«Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік 5 өңірінде көптеген бұлақ көздерін ашу, су айдындарын тазалау және су жағалауын абатандыру жұмыстары белсенді жүргізуліде. Бұл қазақтың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген терең мағыналы сөзінің нақты орындалуы деп санаймын. Бүгін «Тазару күнінде» біз Алматы облысы бойынша 6 бұлақтың маңында тазалық жұмыстарын кең көлемде жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар әлі жалғасын табады», – деді «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев.
Сапар барысында қонақтар туристерге арналған Turgensai визит-орталығында болып, инфрақұрылыммен танысты. Бұл орталық келушілерге бағыт-бағдар беріп қана қоймай, табиғатты тануға мүмкіндік жасайды.
Шатқал аумағында орналасқан Аюлы және Қайрақты сарқырамалары, сондай-ақ Сиверс алмасы өсетін табиғи аймақтар экотуризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




