Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің барлық өңірінде бұлақтарды тазалау мақсаттында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын іске қосып, оның аясында Алматы облысында бұлақтарды тазартуға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. Облыста бұл бастама алты табиғи су көзінде ұйымдастырылды. Соның бірі – Еңбек ауылындағы бұлақ.
Еңбекшіқазақ ауданы, Еңбек ауылында ағып жатқан бұл бұлақ шамамен 70-80 жыл бұрын пайда болған. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары оны ауызсу ретінде пайдаланады. Акция барысында бұлақтың айналасы қоршалып, абаттандыру жұмыстары толық жүргізілді. Ағаштардың түбі әктеліп, жаңа ағаш көшеттері отырғызылды.
Бұл игі іске «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев, «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қызметкерлері, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мамандары, «Аймақтық гидрогеологиялық-мелиорациялық орталық» РММ өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, еріктілер, оқушылар мен жастар, сондай-ақ су шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан 100 шақты студент қатысты.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңызын көпшілікке кеңінен түсіндіріп, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, жастарды табиғатты аялауға шақыруды, әрі экожүйені қорғаудың және болашақ ұрпаққа таза су мен тұмса табиғатты аманат етуді мақсат еткен бұл жұмыстар ел аумағында жүйелі түрде жүзеге асып, қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға нақты ықпал етеді деп сенемін», – деген Ануар Әуезұлы акцияға қатысушыларға алғысын білдірді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы бастапқы кезеңде ауа райы жайлы елдің оңтүстік өңірлерінде өткізіліп жатыр. Бүгінге дейін Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстары қамтылып, 28 бұлақтың маңы тазартылып, абаттандырылған. Акцияға бір мезгілде шамамен 3,8 мың адам қатысты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




