Жамбыл ауданының Шолаққарғалы ауылдық округінде Наурызнама онкүндігі аясында өткен Тазару күніне тұрғындар белсенді қатысты. Аталған округке қарасты Үмбетәлі, Қасымбек және Шолаққарғалы ауылдарында айналаны тазарту жұмысы жүргізілді. Ауыл тұрғындары туған жердің тазалығына біркісідей жұмылып, жүзден астам адам сенбілікке шықты. Олар ең алдымен округтің әкімшілік орталығы саналатын Үмбетәлі ауылының орталық алаңын және осындағы Үмбетәлі Кәрібаев музейінің айналасын ретке келтірді. Одан кейінгі кезекте тазалық жұмысы Қасымбек пен Шолаққарғалыда жалғасты. Сонымен бірге елдімекендерді жалғайтын жолдар мен Ұзынағаш пен Үмбетәлі ауылдарының арасындағы жол бойы қоқыстан тазартылды.
Осы істі ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Шолаққарғалы ауылдық округінің әкімі Бағашар Төлендіні сөзге тарттық:
– Ауыл тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі. Кеше Наурыз мерекесін бүкіл ауыл болып тойладық. Үмбетәлі ауылының орталық алаңында жыл басы жоғары деңгейде мерекеленді. Оған тұрғындар тайлы-таяғы қалмай келді десем де болады. Көрерменге тамаша концерт қойылды. Наурызкөже таратылды, сонымен қатар басқа да ұлттық тағам түрлері ұсынылды. Ал бүгін таңертеңмен тазалыққа кірісіп, ағаш бұтау, діңін ақтау сияқты шаралар қатар атқарылды. Қоқыс шығаруға арнайы техника тартылды. Осылайша жылдың басын таза ауыл болып қарсы алудамыз, – дейді ауыл әкімі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




