Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қозғалысының маңызына ерекше тоқталып, бұл бастама – азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, жанашырлық пен мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін үнемі айтып келеді.
Волонтер болу – көмек көрсету ғана емес, бұл – жүрек таңдауы. Қоғамдағы әрбір мәселені сырттай бақылап қана қоймай, оны шешуге үлес қосу – нағыз азаматтықтың белгісі. Сол арқылы адам өзгеге үміт сыйлайды, өз бойындағы мейірім, жауапкершілік, сабыр сияқты қасиеттерді тереңдетеді. Кейде бір жылы сөздің өзі үлкен демеу болады. Еріктінің шынайы көмегі өзгенің өмірін жақсы жаққа өзгертуі мүмкін. Осындай игі істің нәтижесінде қоғамда өзара қолдау мен сенім арта түседі. Жақсылық жасау үшін бай болу міндетті емес. Тек ниет пен уақыт болса жеткілікті.
Еріктілер қатарына 2022 жылы студент шағымда қосылдым. Қалалық деңгейдегі волонтерлер ұйымына да мүше болдым. Сабақтан бөлек сан-алуан іс-шарада бой көрсетіп, белсенділік таныттым. Мен бұл іске жұмыс ретінде қарамадым. Волонтер үшін ол – күнделікті дағды. Әрі мемлекет тарапынан қолдау да көп. Жастарға жағдай жасалған заманда қолдан келгенше барлық мүмкіндікті қолданып қалуға тырыстым. Кейін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатына қабылдандым. Бір жыл бойы бірлесіп жұмыс істеп, елімізге, халқымызға, қоршаған ортаға пайдасы тиетін жобаларды іске асырдық. Соның арқасында Жастар мәслихатының депутаты атанып, қазір осы жұмысты жалғастыру үстіндемін. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Осы істің басы-қасында жүріп, сан түрлі тағдырға тап болған, қиын жағдаймен бетпе-бет келген адамдардың жанын түсінуге тырыстым. Сондай-ақ әртүрлі бағыттағы өз ісінің мамандарымен, саясаткерлер, министрлер, депутаттар мен елімізге еңбегі сіңген тұлғалармен таныстым. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты өз көзіммен көріп, амандасып, сұхбаттасып көрдім.
Осы жолда жүріп түсінгенім – кез келген істің қайтарымы бар. Жақсылық та, жамандық та айналып келіп иесін табады. Сол себептен ізгі істің жаршысы болып, оны өміріңнің бір бөлігіне айналдыруың керек. Ештеңеден қорықпай, қолдан келіп тұрса барлық саланың қыр-сырын меңгерген жөн. Өмірдегі өзіңді-өзің іздеу жолында аянып қалмау қажет. Ерікті болу осыған баулиды. Қоғамды өзгерткің келсе, оны өзіңнен баста.
Аружан ЕСМҰРЗА
«AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанаты Астана қалалық жастар мәслихатының депутаты





