Райымбек ауданындағы Сүмбе ауылдық округінің тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Төрт түлігін түлетіп, Жер-Ананың ырысын ел игілігіне жаратып отырған еңбекқор жандар өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Солардың қатарында «Ақбұлақ» шаруа қожалығы да бар.
1995 жылы ірге көтерген «Ақбұлақ» шаруа қожалығы бүгінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар, уақыт тынысымен үндесіп, заман талабын қанағаттандыруда жаңашылдықты жатсынбай қабылдай білген берекелі ұжымның қатарынан саналады. Ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы Елжан Бестібаев басшылық жасайтын қожалық еңбеккерлері жыл сайынғы маусымдық науқандарды жоғары жауапкершілікпен атқарып, қажырлылық пен табандылықтың озық үлгісін көрсетумен келеді. Қожалық иелігіндегі 120 гектар суармалы алқапты жыл сайын ерте көктемнен агротехникалық талаптарға сай күтіп, өнім молшылығының негізін қалауды тұрақты жолға қойған. Қардың көбесі сөгілісімен басталатын егістік басындағы қым-қуыт тіршілік қоңыр күзге дейін бір сәт те толастамайды. Күннің аптабына, жаңбыр мен желдің өтіне күрегі мен кетпенін қарсы қоя білетін диқандардың табан ет, маңдай тері күзгі жиын-терін науқанында ақталып, кемерінен асқан алтын дән мен таулы өңірдің дарқан дақылы қырманға тау-тау болып үйіледі, қамбаға ырыс болып құйылады.
Жер қадірін жан-тәнімен сезіне білетін шаруалардың еселі еңбегі ақталусыз қалған емес. Былтыр көктем шығысымен қожалық мүшелері 70 гектар алқапқа арпа, бидай, 10 гектарға картоп егіп, ала жаздай күтіп-баптады. Тәжірибені де, қажыр-қайратты да болашақ өнімнің молшылығы жолына сарп етті. Жер-Ананың ерінбей еңбек етіп, тамшылата тер төккенге төсін иітіп беретініне сенімдерін нықтай білді. Сол сенімдері селге кеткен жоқ. Нәтижесінде дәнді егістің әр гектарынан 18-20 центнерден алтын астық, картоптың әр гектарынан 200 центнерден жоғары дарқан дақыл алуға қол жеткізді. Сонымен қатар 270 гектар шабындық алқаптан 300 тоннадан аса мал азығы жиналды. Сөйтіп, қысқы мал қыстату науқанына берік қор жасалды. Жазғы нәпақасын Ойқарағай жайлауынан айырып, ойға қоң жинап түскен төрт түлік шекара ішіндегі Ояшы өңіріне қыстатылып, жиналған жем-шөптің игілігін көрді. Қазір қыстың қатал сынынан сүрінбей өтіп, көктемнің көкөзек аталатын кезеңін шығынсыз әрі қоңды күйде қарсы алып отырған жайы бар. Әрине, «Ақбұлақтың» ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі жетістігі қожалықтағы істің ығын, шаруаның қырын білетін еңбекқор жандардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, ұтымды ұйымдаса білуі арқылы қаланғаны анық. Қожалық агрономы Ерболжан Бестібаев пен Дәулет Шоңбаев, Әскербек Әбутәліпов, Бөкен Қайыпов сынды техниканың құлағында ойнайтын темір тұлпар тізгіншілерінің еселі еңбектерін қалай мақтаса да артық етпейді. Қыс қаһарына қажырын қарсы қоя білген қожалық мүшелері көктемгі егіс науқанына дайындықты бастап кетті. Жер жыртатын, тырмалайтын, тұқым себетін тракторлары мен тасымалдайтын автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары маңызды науқанға сақадай-сай. Жерге себетін тұқымдық бидай, арпа мен картоп сұрыпталып, агротехникалық талаптардан өткізілді. Осылайша алдағы күздің молшылығы қазірден қалану үстінде.
– Жер – тіршілік өзегі, береке бастауы. Жердің асты-үстіндегі байлықтар – елдің ортақ қазынасы. Сондықтан оны тиімді пайдалану маңызды. Осы ретте жаңа технология енгізу, өнім көлемін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл экономиканың дамуына да үлкен үлес қосады. Жер – ата-бабадан қалған аманат. Сол аманатты орындап, ел игілігіне жарату – баршамыздың ортақ парызымыз, – дейді қожалық басшысы Елжан Бестібаев.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




