Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған делегация іссапармен Қытай Халық Республикасына барып, өзара ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ірі жобаларды қолға алу бойынша келіссөздер жүргізді. Делегация құрамында облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Айбар Теменов, басқарма басшылары, аудан әкімдері мен кәсіпкерлер болды.

Бірнеше күнге созылған жұмыс сапары алдымен «Xinjiang Commercial Logistics (Group) Co., Ltd.» компаниясы жұмысымен танысудан басталды. Сондай-ақ облыс басшысы аталған компания жетекшісі Шэнь Цзиншэнмен кездесті. Аталған компания сауда және логистика саласында зор әлеуетке ие. «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып келеді.
Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық байланыс, транспорттық-логистикалық инфрақұрылым, халықаралық тасымалдау, логистиканы цифрландыру және агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттау мәселелері талқыланды.
Марат Елеусізұлы компанияның қарқынды дамуын жоғары бағалайтынын атап өтті. Алматы облысы Қытай мен Орта Азия арасындағы негізгі транспорт жолдарының қиылысында орналасқанына, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы үшін стратегиялық маңызды серіктес екеніне тоқталды.
– Достық қарым-қатынастың арқасында Қазақстан, оның ішінде Алматы облысы мен Қытай елі арасындағы тауар айналымы жылдағы дәстүрге сай жоғары деңгейін сақтап келеді. Соңғы үш жылда оның көлемі тұрақты түрде 1 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінгі таңда облыста Қытай капиталының қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз сауда-экономикалық байланысты әрі қарай нығайтуға үлкен мән береміз, – деген аймақ басшысы екіжақты байланыстың маңызды бағыттарына тоқталды. Айтуынша, ең алдымен транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл бағытта Алматы облысында заманауи логистикалық орталықтар, қойма кешендері мен мультимодальды хабтар құру көзделіп отыр. Сонымен қатар халықаралық тасымалдау саласындағы байланысты арттыруға басымдық берілді. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытындағы маршруттарды дамыту, құрғақ порттар мен шекарадағы өткізу пункттерінің мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы транзиттік әлеуетті арттыру жоспарланған. Одан бөлек, логистиканы цифрландыру, яғни заманауи технологиялар мен платформаларды енгізу арқылы жүк тасымалдауды басқару және электронды сауданы дамыту да негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылды.
Аймақ басшысы Алматы облысы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін айтты. Экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай және халықаралық нарыққа шығару үшін компанияның логистикалық және сауда мүмкіндігін пайдалануға мүдделі екенін жеткізді.

Облыс делегациясы «Xinjiang Commercial Logistics (Group) Co., Ltd.» компаниясының еншілес төрт кәсіпорнының жай-күйіне қанық болды. Оның құрамына жоғары технологиялық жабдықтармен айналысатын «Xinjiang Machinery Research Institute Co., Ltd.», жеміс-жидек пен орман өнімдерін шығаратын «Xinjiang Fruit Industry Group», сапа стандарттары мен өнеркәсіптік сараптаманы жүргізетін «Xinjiang Standard Testing and Certification Company Limited», сондай-ақ халықаралық құрлық порт логистикасы бағытында жұмыс істейтін Шыңжаң компаниясы кіреді.
Кездесу нәтижесінде халықаралық тасымалдау саласында Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі «Atasu Group» пен Шыңжаң халықаралық құрлық порт компаниясы құны 270 млн доллар тұратын меморандумға қол қойды. Бұл бірлескен жобаларды іске асыруға, ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға жол ашады.
Іссапардың екінші күні Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында білім алып жатқан студенттермен жүздесу ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылында облыс әкімінің қолдауымен екі ел арасындағы меморандум негізінде Шыңжаң университетінде 27 түлек тегін білім алуда. Ал өткен жылы 30 түлектің тізімі ұсынылып, олардың 12-сі грантқа ие болған.
Марат Елеусізұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық достығы арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа белеске көтерілгенін тілге тиек етті. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Алматы облысы Қытай Халық Республикасының бірқатар провинцияларымен экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттарда бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Әсіресе жастардың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлінген.
– Бүгінде облысымыздың үздік түлектеріне арналған «Алатау дарыны» бағдарламасы іске қосылған. Оның басты мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың әлемдегі үздік оқу орындарында білім алуына, кәсіби тұрғыда жан-жақты дамуына жол ашу. Бағдарлама мүмкіндігін пайдаланып, ертең елге оралатын білікті мамандардың алғашқы буыны – өздеріңіз. Туған жерде сіздерді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Қазіргі таңда өңірімізде академиялық және ғылыми қалашық қалыптастыру жұмысы жүргізілуде. Жоба аясында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және Қытай Халық Республикасының ірі университеттерінің филиалдарын ашу жоспарлануда. Бұл нысандар қытай тілін жетік меңгерген, заманауи технология мен халықаралық менеджментті игерген мамандарды қажет етеді. Сондықтан сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болу – уақыт талабы, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ шетелде оқу үлкен мүмкіндік қана емес, зор жауапкершілік екенін айтып, студенттерге ізгі тілеген арнады.
Шыңжаң медициналық университетінің 2-курс студенті Інжу Тұражан білім беру сапасы кәсіби тұрғыда дамуына үлкен әсерін тигізіп жатқанын айтты. «Қытайдың медицина саласында оқыту деңгейі жоғары. Өзім стоматология мамандығының қыр-сырын меңгерудемін. Университетіміздің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай. Ондағы морфологиялық корпус, заманауи зертханалар, цифрлық кітапхана мен симуляциялық орталық медицинаны терең түсінуге көмектеседі. Профессор-оқытушылар құрамы – өз ісінің нағыз білгірлері. Бізге тек теориялық білім беріп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде қолдануды үйретті. Халықаралық медицинаның соңғы жетістіктерінен хабардар етті. Қазақстан студенттері ретінде біз өз мәдениетімізді, дәстүрімізді таныстырып, екі ел арасындағы достық байланысты нығайтуға тырысудамыз», – деді грант иегері.
Аймақ жастарының әлемнің үздік оқу орындарында білімін жетілдіруіне алдағы уақытта да қолдау көрсетілмек. Биыл 45 талапкерге Шыңжаң, Цинхай, Шаньдун университеттеріне тегін оқу гранты ұсынылып отыр.
Жұмыс сапары әлі де жалғасуда. Алдағы уақытта облыс пен Шэньси провинциясы арасында маңызды шешімдер қабылданады. Шэньси провинциясы парткомының хатшысы Чжао Идэмен кездесу жоспарланған. Сондай-ақ Сиань қаласында «Бір белдеу – бір жол: Алматы облысы – Шэньси провинциясы» атты форум өткізіліп, сауда және гуманитарлық сала бойынша бірқатар маңызды меморандумға қол қойылмақ.
Гүлзат БАЙҚОНЫС





