Қарасай ауданы – аграрлық саладан өнеркәсіп өндірісіне қарай қарышты қадам басып келе жатқан өңір. Оған осында бой көтеріп жатқан көптеген кәсіпорын дәлел бола алады. Ауданда түрлі деңгейдегі зауыт-фабрикалармен қатар тамақ өнеркәсібі де көптеп ашылуда. Осының бәрі еліміздегі ең үлкен мегаполис – Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға себеп болып отыр.
Біз әңгіме етіп отырған «Ansar Foods» компаниясының өндірістік алаңы Алматыдан таяқ тастам жерде орналасқан. Шағын да болса салмақты кәсіпорын жайма нан, кеспе және макарон өнімдерін шығарады.
«Ansar Foods» компаниясының өндірісіне барып, кеспенің жасалу жолымен, көліктерге ұн тиеліп келгеннен бастап «Kunde» брендімен дайын қаптамаға салынғанға дейінгі жұмыс процесімен толық танысқан едік. Дәл осы кеспені кәсіпорын Magnum сауда желісіне жеке сауда маркасы ретінде жеткізеді.
– Технологиялық процестің алғашқы кезеңі – шикізатты қабылдаудан басталады. Көліктермен жеткізілген ұн бірден наубайханаға жол тартпай, алдымен арнайы бөлмеде «тынығып», температура мен ылғалдылыққа бейімделеді. Бұл өте маңызды, себебі қамырдың дұрыс иленуі осыған байланысты, – дейді өндіріс меңгерушісі Гүлжан Бейсекеева. – Ай сайын өндіріс көлеміне 150-200 тонна ұн жұмсалады, аптасына шамамен екі рет 20 тоннадан әкелінеді. Қыс айларында біз ұн қорын көбірек ұстаймыз, себебі технология бойынша ұн қажетті температура мен ылғалдылыққа жетуі керек. Егер суық ұнды бірден өндіріске салсаң, қамыр ойдағыдай шықпайды.
Кәсіпорында негізінен Ақмола мен Қостанай облысында жасалынған жоғары сортты ұн қолданылады. Бұл – «жұмсақ» қазақстандық ұн қамырға серпімділік береді. Ал қатты сортты ұн «Cezaro» маркасындағы макарон өнімдерін өндіруге пайдаланылады.
– Егер қамыр дұрыс иленбесе, кеспенің сапасы талапқа сай болмайды. Сондықтан әр кезеңге арналған стандарттарымыз бар, – дейді Гүлжан Орынбасарқызы. – Мұндағы ауа температурасы да жайлылық үшін емес, сапа кепілі ретінде маңызды. Бөлме кемінде 22-24 градус болуы керек. Әйтпесе қамыр қатты иленіп, оны жұқартып жаю қиындайды.
Өндірісте шағын зертхана жұмыс істейді. Мұнда ұн да, дайын кеспе де мұқият тексеруден өтеді. Өнімді дұрыс кептіру де өте маңызды. Тым құрғақ болса – сынғыш келеді, ал ылғалды болса – қаптамада көгеруі мүмкін. Сондықтан әр кептіру камерасынан сынама алынады. Камераларда орнатылған планшеттер арқылы партияның дайындығы көрініп тұрады. Кептіру ыстық ауамен жүргізіледі Бұл процесс автоматтандырылған. Басқару панелінен қай партия кептіріліп жатқанын, оның күйін және циклдің аяқталуына қанша уақыт қалғанын көруге болады.
Бүгінде «Ansar Foods»-та шамамен 50 адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің басым бөлігі – Қаскелең, Шамалған, Қарғалы, Ұзынағаштан келіп еңбек ететін жергілікті тұрғындар. Оларды қыста арнайы автобустар тасыса, жаз айларында жолақы төленіп тұрады.
Мұнда өндірілген тауарлар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Оңтүстік Кореяда да сұранысқа ие. Өнім көлемінің 30-40%-ы Ресейге экспортталады. «Қазақстандық өнім» экспортта эко-өнім ретінде аса бағаланады екен.
Бізді бір ғана мәселе алаңдатады. Ол – өзіміздің ғимаратымыздың жоқтығы. Қазіргі ғимарат жалға алынған және бағасы аса қымбат. Егер аудан, облыс басшылары жер бөлетін болса, өндірісті, өнім көлемі мен экспортты ұлғайтуға мүмкіндік туар еді. Дегенмен, соған қарамастан ассортиментті кеңейтіп, ұлттық өнімдер қатарын көбейтуге – табиғи жұмыртқамен премиум өнімдер шығарып, спагетти сияқты стандартты форматтарды игеруді жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпорынның менеджері Айнұр Қашқынбаева.
«Ansar Foods» компаниясы осылайша сапалы отандық өнім шығаруда өзіндік сүрлеу салып, толайым табыс пен нәтижеге қол жеткізіп келеді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы





