Өңірімізге Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков іссапармен келіп, шаруа қожалығы өкілдері және сала мамандарымен кездесті. Кездесуде көктемгі дала жұмыстарына және егіс науқанына уақтылы дайындық жүргізу, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында Ербол Қуанышұлы Алматы облысының ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өтіп, аграрлық сектор өкілдерімен ашық әрі сындарлы диалог орнатудың маңыздылығына тоқталды. Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мал басын көбейту, өнімділікті арттыру және экспорттық әлеуетті кеңейту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеген. Жоспар аясында жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылған. Вице-министрдің мәліметінше, биыл Алматы облысында ауыл шаруашылығын субсидиялауға 16,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 7,2 млрд теңге 2025 жылдан қалыптасқан берешекті өтеуге бағытталған. Сонымен қатар, жылдық 5% мөлшерлемемен айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен бірге, аймақта асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік», «Береке» бағдарламалары іске қосылмақ. «Аталған бағдарламалар шеңберінде мал тұқымын жақсарту мақсатында Алматы облысында 6 070 бас ірі қара мал және 5 200 бас ұсақ малды шетелден импорттау көзделген. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы, АҚШ, Австралия және Канада елдерінен асыл тұқымды мал жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деді Ербол Қуанышұлы.
Осыған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялаудан жеңілдетілген несиеге кезең-кезеңімен өту бойынша тапсырма берген болатын. Кездесуде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы дептартаментінің директоры Бағлан Аймұрзаев тиімді субсидиялар үзілмей берілетінін айтты. Сонымен бірге, жайылым жерлерді үйлесімді пайдалана білген кәсіпкерлерге де қолдау көрсетеледі. Егер шаруа шалғайда мал кәсібімен шұғылданамын десе, «Аграрлық несие корпорациясына» немесе «Өңірлік кәсіпкерлік корпорацияларына» жүгіне алады. Бұл несиелеу бағдарламасы шеңберінде құдық қазып, су тартқыш орнатуға, мал шаруашылығы базасын салуға, қажетті вагон сатып алуға, электр энергиясын тұтыну үшін күн сәулесі панельдерін сатып алуға төмен пайызды несие берілетін болады.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Негізгі құралдардың қатарында – инвестициялық субсидиялар, несие мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы бар. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев бұл тетіктер шаруаларға заманауи техниканы анағұрлым тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, шаруаларға сатып алынған техниканың құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі субсидиялау арқылы өтеледі. Бұдан бөлек, фермерлерге жылдық 5% мөлшерлемемен техника алуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы іске қосылған.
Кездесу барысында Ербол Қуанышұлы фермерлердің өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер субсидиялау, кредиттік ресурстарға қолжетімділік, мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелері секілді бірқатар өзекті тақырыптарды көтерді. Әрбір мәселе бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өңір шаруаларының өтінішіне сай тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Ерзат АСЫЛ




