☀️
20°C
Қонаев
Жұма, Сәуір 3, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Ауыл арасын жалғаған

    03.04.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Ауыл арасын жалғаған
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Алматы сияқты еліміздегі мегаполистің жанында жатқан Еңбекшіқазақ ауданында халық өте тығыз орналасқан. Бүгінде ауданда үш жүз мыңнан астам халық тұрады. Осы орайда тұрғындардың арлы-берлі қозғалысын қамтамасыз ету үшін ауданда қандай қоғамдық көліктер барын, олардың қай бағытта қатынайтынын біліп көрдік.

    Шығыстан батысқа 158 шақырым, оңтүстіктен сол­түстікке қарай 68 шақырым аумаққа созылып жатқан Еңбекшіқазақ ауданының жер көлемі – 829 660,0 гектар. Мұндағы бір қала мен жиырма бес ауылдық округте барлығы 79 елдімекен орналасқан. Ал аудан орталығы Есік қаласы еліміздің оңтүстіктегі мәдени, рухани астанасы, үлкен экономика мен қаржы орталығы, білім мен жастар шаһары атанған Алматы қаласынан бар болғаны 40-50 шақырым жерде жатыр. Сондықтан да аудан мен алып шаһар арасындағы барыс-келіс күні-түні бір үзілген емес.
    Еңбекшіқазақ ауданынан қалаға қатынайтын қалааралық, облысаралық, ауданаралық 26 бағыттық автобустар бар. Бұл бағыттар бойынша 7 тасы­малдаушы қызмет көрсетеді. Барлық автобус саны 140 болса, оның 32-сі – резервте.

    Алматыға ағылған адам көп

    Алматыға қатынап, білім алатын студенттер де, қала мен оның маңайында қызмет істеп, нәпақасын табатын аудан тұрғындары да аз емес. Осы орайда Еңбекшіқазақ аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен аудан мен Алматы қаласының арасын жалғап жүрген қоғамдық көліктер туралы ақпарат алдық.
    Бүгінде қалааралық қатынасты қамтамасыз ету үшін алты бағытта қоғамдық көліктер қатынайды. Олар – «BAS TRADE» ЖШС қызмет көрсе­тетін Есік-Алматы бағытындағы №225 авто­бус пен «Баяндай-Саймасай-Алматы» бағытындағы №243 автобус, «EcoBus Service» ЖШС қызмет көрсететін «Есік-Талғар-Алматы» бағытындағы №252 автобус пен «Бәйтерек-Алматы» бағытындағы №249 автобус, сондай-ақ «Жас Транс» ЖШС қызмет көрсететін «Қойшыбек-Алға-Алматы» бағытындағы №241 автобус пен «Базаркелді-Космос-Алматы» бағытындағы №242 автобус. Бұлардың барлығы да Алматы қаласы әкімдігінің теңгерімінде.
    «Есік-Алматы» бағытындағы №225 автобус 2020 жылы жазда іске қосылды. Бастапқыда бағыты Алматы қаласын­дағы «Саяхат» автобекетінен Есік қаласындағы автобекетке дейін бел­гіленген. Алайда көп ұзамай, тұр­ғындардың сұранысымен Саяхат маңынан шыққан №225 автобустың жолы Есік қаласымен іргелес жатқан Көктөбе ауылына дейін ұзартылды.
    Бүгінде құрамына төрт ауыл кіретін Көктөбе ауылдық округінде 14 мыңға жуық халық тұрады. Оның 5 мыңдайы – Көктөбемен жалғасқан Қызылжар ауылының тұрғыны. Мұнда да күнделікті Алматы қаласына қатынап, жұмыс істейтін, оқу оқитын жан көп. Ендігі кезекте осы ауылдың тұрғындары №225 бағытындағы қоғамдық көліктің жолын Қызылжарға дейін 1,6 шақырымға ұзарту туралы ұсыныстарын айтып, мәселе көтеріп отыр.
    «№225 бағытындағы қоғамдық көлік – Алматы қаласы әкімдігінің теңгерімінде. Сондықтан тұрғын­дардың көптеген өтініш-тілегін және күнделікті көлік жүктемесін ескере отырып, аталған бағытты Қызылжар ауылына дейін ұзарту туралы ұсыныс хатты Алматы қаласы жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасына бірнеше мәрте жолдадық. Әзірше бұл ұсынысымызға қанағаттанарлық жауап ала алмай отырмыз. Соңғы аялдаманы Қызылжар ауылына дейін апара алсақ, аудандағы жол-көлік қатынасына қатысты бір мәселенің шешімі табылып, тұрғындардың қалаға қатынау мүмкіндігі айтарлықтай жақсарар еді. Қазіргі уақытта №252 «Есік-Талғар-Алматы» және №225 «Есік-Алматы» бағытындағы қоғамдық көліктердің соңғы аялдамасы Көктөбе ауылында жекеменшік аумақта орналасуы жергілікті тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудырып отыр. Осыған байланысты Қызылжар ауылында соңғы аялдаманы орналастыруға мемлекеттік жер телімі да қарастырылған», – дейді Еңбекшіқазақ ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержігіт Сәрсенбиев.
    №225 «Есік-Алматы» бағытында қызмет көрсететін «BAS TRADE» ЖШС басшылығына тұрғындар тарапынан түсетін сұраныстың бірі – автобус санын көбейту немесе үлкен автобус алу. Бұл туралы «BAS TRADE» ЖШС-ның Есік қаласындағы атқарушы директоры Жанат Дәуітәлиевтен сұрап көрдік.
    «№225 бағыттағы автобус таңғы 5:30 бен түнгі 23:40 арасында әр 6 минут сайын жүреді. Алматы мен Есік қаласы арасында қаңтарда – 210 мың, ал ақпан айында 175 мың адам тасымалдадық. Бұл бағытқа бастапқыда 18 автобус бөлінген, бірақ екі араға қатынайтын адам санын ескере отырып, тағы 5 автобус қосып, бүгінде 23-ке жеткіздік. Дегенмен тұрғындардан автобус қатарын арттыру туралы ұсыныстың түскенін айтып отырсыз. Автобус санын тағы қосқанмен, бұл мәселе шешілмейді. Өйткені тек таңғы бес пен жеті жарымға дейінгі уақытта және сол сияқты халық жұмысынан, оқуынан қайтатын кешкі уақытта ғана адам көп болады. Ал күндіз автобустар толық толмай, аз адам отырады. Егер бұл бағытқа үлкен автобустар алатын болсақ, онда қоғамдық көліктің жүру жиілігі ұзарады. Оның барлығына да сараптама жасап отырмыз. Ал соңғы аялдаманы Қызылжар ауылына ауыстыру туралы компания атынан тиісті хаттама толтырып, Алматы қаласы жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасына жібердік. Егер оң шешімін тауып жатса, №225 бағыттағы автобустың соңғы аялдамасы Қызылжар ауылындағы мешіттің жанында болады», – дейді Жанат Дәуітәлиев.
    «№249 Бәйтерек-Алматы бағытын­дағы қоғамдық көлігіне қатысты да тұрғындардан соңғы аялдаманы ауыстыруға қатысты өтініштер түсіп жатыр», – деген Еңбекшіқазақ аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержігіт Сәрсенбиев: «Бәйтерек ауылына қарасты 14 саяжай массивінде шама­мен 4 000 адам тұрады. Осыған байланысты аталған бағыттың жолын 1,5 шақырымға ұзарта отырып, «Қуат» саяжайы арқылы өткізу мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ тұрғындар­дың сұрауымен №242 «Базаркелді-Космос-Алматы» бағытындағы қоғамдық көлік­тің сызба­сын Жаңашар ауылын­дағы Кузиев-Саймасай-Токушев көшелері арқылы өтетіндей етіп өзгертуге байланысты Алматы қаласы жол қозғалысы және жолау­шылар көлігін ұйымдастыру басқар­масына хат жолданды», – дейді.
    Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласы мен өзге ауылдардан Алматыға қатынайтын бұл бағыттардың алтауында да жолақысы «Оңай» картасымен – 120, ал қолма-қол төлесеңіз – 200 теңге. Бұл қарапайым халықтың қалтасына өте тиімді. Өйткені бір кездері 200 теңгеге Алматыға апаратын таксилер бүгінде адам басына 1000 теңге алады. Ал Алматыдан кеш қайтар болсаңыз, Есікке дейін 1500-2000 теңгемен әкеледі. Алматы мен Есік арасында таксидің жарты құны – 500 теңгемен шағын автобустар да жүреді. Халық «маршрутка» атап кеткен мұндай шағын автобустар «Шелек Тұлпар» ЖШС қызмет көрсететін №364 «Шелек-Бәйдібек-Алматы» бағытында қатынайды. Ондағы жолақысы – 1000 теңге.
    «Біздің компанияда Шелек ауылы мен Алматы қаласының арасын жалғайтын 4 шағын автобус бар. Алайда қазір олардың барлығы бірдей жүрмейді. Өйткені Алматыда бұрынғыдай «Саяхат» автобекеті жоқ. Шелекке қайтатындар Алматыдағы Пушкин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында тұрып, көлік тоқтатады. Ол жерде қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан көлік қоятын орын да жоқ. Сол себепті біздің жүргізушілер сол маңды аралап жүріп, жолаушы жинайды. Адам болмай, кейде бос келеді. Бізден бөлек, Алматыдан Шелекке қатынайтын жеке азаматтар тізгіндеген тоқсанға жуық «маршрутка» бар. Олар да сол маңнан адам жинайды», – дейді «Шелек Тұлпар» ЖШС-ның директоры Акимжан Турсунов.
    «Қазір таңдау көп. Асыққандар Алматыға таксимен кетеді. Жолақысы – 2500 теңге. Асықпағандар 120 теңге төлеп, автобуспен Есікке барып, ары қарай тағы 120 теңгемен Алматыға жетеді. Сонда жолыңызға 240 теңге ғана шығады, бірақ жарты күн жолмен өтеді. «Маршруткаға» мінсеңіз де болады. Ондағы жолақысы – 1500 теңге, бірақ олар адам жинап, кейде ұзақ тұрып қалады. Осындайда Алматы сияқты үлкен қаламен іргелес жатқан ауылдарға жүріп тұратын электр пойыздары болса дейміз. Көпшілік қалаға қатынап жұмыс істейді. Таңертең 9-дағы жұмысқа таң сәресінен тұрып кетеміз. Ал жұмыстан үйге жеткенше түн ортасы болады. Әсіресе, қыстыгүні қиын. Ауылда жұмыс болмаған соң Алматыға барамыз. Бала-шағаны мұнда тастап, қалаға көшіп кете алмаймыз», – дейді Шелек ауылының тұрғыны Қуаныш Мырзатаев.

    65 ауыл қоғамдық көлікпен қамтылған

    Ауданда 65 ауыл мен 34 саяжайды қамтып, ауылішілік 18 бағытқа қызмет көрсететін «Ақжол Агротранс» ЖШС, «АОЖТК» ЖШС және «Шелек Тұлпар» ЖШС сынды 3 мекеме бар. Мұнда барлығы 65 автобус болса, соның 9 бағыты Шелек ауылынан шығады. Әр бағытта 2-3-тен автобус бар. Қалған 9-ы Есікке қарай жол тартады. Олардың әрқайсысында 3-тен 9-ға дейін автобус бар. Автобус саны ауылдардағы халық санына қарай қосылған. Қаржыландыру мен жолаушылар ағынының жеткілік­сіздігіне байланысты бүгінде «Есік-Ақжал» және «Есік-Базаркелді» бағыт­тары уақытша тоқтап тұр.
    Алматы жолаушылар тасымал­дау компаниясы «Есік-Баяндай», «Есік-Өрнек-Қырбалтабай» және «Есік-Амангелді» бағыттарында қызмет көрсетеді. Алдыңғы екі бағыт 2023 жылдың тамыз айынан іске қосылса, Есік қаласы мен Амангелді ауылы арасында қоғамдық көлік 2024 жылдың қаңтар айынан бастап жүріп келеді. Әр бағытта 4 автобустан бар.
    «Барлық бағыттағы автобустар таңғы 5:30 бен 20:30-21:00-ге дейін жүреді. №101 «Есік-Амангелді» 17-20 минут сайын, №10 «Есік-Өрнек-Қырбалтабай» 20 минут сайын және №1 «Есік-Баяндай» 30 минут сайын қатынайды. Уақыттағы бұл айырмашылық – Есік қаласы мен ауылдар арасындағы қашықтыққа байланысты. Әр бағытта шамамен, күніне 500-600 адам тасымалданады. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан ешқандай арыз-шағым, ұсыныс түскен жоқ. Керісінше қоғамдық көліктердің жүргеніне қуанып, алғысын айтып жататын жандар көп», – дейді Алматы жолаушылар тасымалдау компания­сы­ның басшысы Дулат Әденов.
    Еңбекшіқазақ ауданында ауыліші­лік қоғамдық көліктер жұмысы 2023 жылдың жаз маусымынан бастап жолға қойылды. Әрине, бұл қуанышты жаңалықты халық жылы қабылдады. Қазіргі уақытта қоғамдық көліктер­дің қозғалыс жиілігі бағыттардың жүктемесіне қарай реттеліп, негізінен таңертең және кешкі қарбалас уақыт­та күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл уақытта автобуста кейде ине шаншар орын болмайды, ал күндізгі уақытта 6-7 адаммен ғана бос кетіп бара жатқанын байқаймыз.
    Қалай десек те, қоғамдық көлік­тердің үзіліссіз қатынауы аудан тұрғындары үшін өте тиімді. Өйткені жол – екіараны жалғайтын тіршіліктің күретамыры.

    Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

    Еңбекшіқазақ ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    ЕРЛІК ЕЛ ЕСІНДЕ
    03.04.2026
    Дала төсі дүбірлі
    03.04.2026
    Шаһарды аралады
    03.04.2026
    Белсенділер марапатталды
    03.04.2026
    Бір отбасы үйлі болды
    03.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>