Күн жылынып, жер тоңы жібіген сәттен Балқаш ауданының диқандары жылдағы дәстүрге сай егін егуге қамданып, техникаларын майлап, бар құрал-жабдығын сайлап, көктемгі дала жұмысына кірісіп кетті. Өйткені егін егу науқаны – аграрлы өңір диқандары үшін жауапты кезең.
Жалпы аудан көлемінде ірілі-ұсақты 34 шаруашылық бар. Олар 28 825 гектар суармалы егіс алқабына егін егуді жоспарлап отыр. Оның 5800 гектарына – күріш, 4412 гектарына – бидай, 1328 гектарына – арпа, 16057 гектарға жоңышқа шөбі егілсе, қалған суармалы жерлерге көкөніс дақылдары себілмек.
Егін егу науқанына бел шеше кіріскен шаруашылықтардың бірі – Ақдала ауылдық округіндегі «Марат» шаруа қожалығы. Диқандардың көктемгі дала жұмысына дайындық барысын бағамдау үшін аталмыш шаруашылыққа Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлібек Бөпешбаевпен бірге барып қайттық.
Бізді «Марат» шаруа қожалығының төрағасы Нұркен Пұшанов қарсы алып, егістік жайымен таныстырды. Мұнда шаруашылыққа тиесілі 600 гектар суармалы егіс алқабы бар екен. Биыл аталған егіс алқабының 120 гектарына бидай егу жоспарланған. Ал көктемгі дала жұмысына төрт «МТЗ-80», екі «МТЗ-1221» және «Т-150» тракторы, сонымен қатар екі соқа, екі тұқым сепкіш, екі жер тегістегіш және екі жер тырмалағыш құралдары дайын тұр. Егін егу жұмысына қажетті жанар-жағармай, техникалардың қосалқы бөлшектері, егіс алқабына сіңірілетін дәнді дақыл тұқымы жыл басынан әзірленіп қойылған.
Шаруашылық жұмысын ойдағыдай атқарып жүрген механизаторлар – Бақытжан Төлебаев, Ғалым Қоржынбаев және Нұргелді Сағат сынды азаматтарды да сол жұмыс басынан кездестірдік. Олар өз істеріне білек сыбана кірісіп кеткен.
Иә, «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қанатты сөзді дана халқымыз бекерден-бекер айтпаса керек. Осыны ескеріп, ауа райының қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланған шаруалар өзгелерден көшілгері қадам басатыны сөзсіз. Сондықтан жауапты науқан кезінде диқандар ерте тұрып, кеш жатып, көктемгі дала жұмысын өз дәрежесінде атқаруға бар күш-жігерін салуда.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы




