Облыс әкімінің қолдауымен, облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен Қарасай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» атты облыстық байқау өтті. Мақсаты – цифрлық дәуірде сөздің құндылығы мен рөлін талқылау, тілдің маңыздылығын арттыру, ақпарат таратудағы жауапкершілікті түсіндіру. Шараға облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, халық қалаулылары, тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері, жастар және этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Аталған шара «Қарасай жастары» театры өнерпаздарының сахналық қойылымымен басталды. Онда қазақ халқының өнері мен мәдениеті, сондай-ақ қазіргі замандағы технологиялық жетістіктер көрініс тапты. Байқаудың ашылу рәсімінде сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы өзінің құттықтауында: «Қазіргі кезең – технология қарыштап дамыған, ақпарат алмасу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен уақыт. Интернет, әлеуметтік желілер мен түрлі цифрлық платформалар қоғамдағы пікір қалыптастырудың негізгі құралына айналып, сөздің құндылығы, оның жауапкершілігі мен мәдениеті бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Өйткені сөз тек ақпарат жеткізудің құралы емес. Сөз – ұлттың жаны, халықтың рухани айнасы», – деп атап өтті.
Бұдан кейін алдын ала іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен жеңімпаздар Қарасай ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Атап айтқанда, Ұлтусын Амангелдіқызы мен Әбдірахман Серікұлы «Тілдарын» номинациясын иеленді. Цифрлық дәуірде іскерлік ортаның тілдік мәдениетін дамытуға үлес қосқан кәсіпкер Елдос Мұқатаев «Тіл тазалығының тірегі» атанды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған Кемелхан Таңат «Мемлекеттік тіл – бизнесте», тіл тазалығын ту етіп жүрген Нұрдиновтер отбасы «Мемлекеттік тіл – мерейім», желідегі жарқын дауыс пен қазақ тілді контенттің дамуына қосқан ерекше серпіні үшін журналистер мен блогерлер атынан Сәуле Қожақызы «Жаңа дәуір үні», ауыл халқы арасында ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тіл мәртебесін асқақтатқан Қарасай ауданының білім бөлімі (меңгерушісі Әсел Әбілеқызы) «Тілге қызмет – елге қызмет», мемлекеттік тілдегі іс қағаздарын жүргізудің жоғары мәдениетін қалыптастырып, құжаттама саласында кәсіби шеберлік көрсеткен Дина Малғаждарқызы «Құжат шебері – тіл зергері» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсімінен кейін сахнаға ақын әрі тіл зерттеушісі Серік Қалиевтің жары Пернегүл Сабырбекқызы шақырылып, облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген «Мақал-мәтел мағыналары» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Шара барысында «Мақал – сөздің маржаны» атты мақал-мәтел байқауы ұйымдастырылды. Бұл бәсекенің мақсаты – мемлекеттік тілді цифрлық дәуірде дамыту, ұлттық тәрбиені арттыру, жастардың ой-пікірін қалыптастыру, адал азамат тәрбиелеу.
Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды – Әсия Әділбек, екінші орынды – Балғын Жантаева, бірінші орынды – Асыл Өтепберген, ал бас жүлдені Серік Хамза жеңіп алып, арнайы дипломмен бірге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Цифрлық кеңістіктегі тіл мәдениеті мен сөздің қуатын сездіретін бұл игі шара бұдан әрі Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында жалғасады.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы