Перейти к содержимому

Қазақтың қайсар қызын еске алды

Кеген ауданы Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы мектеп-лицейде осы өңірдің тумасы, белгілі журналист, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақтың қайсар қызы Шолпан Жүнісбайқызының өмірі мен шығармашылығына арналған еске алу кеші өтті. Шараға қаламгердің туған-туыстары, мектеп оқушылары, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

Кеш барысында көпшілік Шолпан Жүнісбайқызының есімі берілген кабинетке барып, оның шығармалары топтастырылған арнайы бұрышпен танысты. Онда журналистік еңбегі, өмір жолы мен жазушылық қыры көрініс тапқан.
Қалам иесінің бауырлары – Бақыт Жүнісбайұлы мен Рая Жүнісбайқызы сөз сөйлеп, іс-шараға қатысқан он оқушыға қаржылай сыйақы табыс етті. «Саналы ғұмырында қазақ баспасөзінің дамуына зор үлес қосқан Шолпанымызды еске алып, осындай шараны ұйымдастырған мектеп ұжымына алғыс білдіреміз», – деді олар.
Шолпан Жүнісбайқызы ҚазПИ-дің тарих факультетін тәмамдап, респуб­ликалық «Дәуір» баспасында, «Алматы ақшамы» және Алматы облыстық «Жетісу» газеттерінде еңбек етті. Ол қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, ел мен жер тарихын дәріп­теуден жалықпады.
Оның қаламынан туған еңбектер қатарында «Ауыл деп соққан жүрегім», «Біздің елдің жігіттері», «Әкелер мен балалар», «Қырық шырақ», «Найзағай намыс» атты кітаптар бар. Бұл шығар­малар оқырман­ды адамгер­шілікке, достыққа, патриот­тыққа тәр­биелейді.
Қаламгердің өмір жолы, кәсіби адалдығы және қоғамға қызмет етуге деген ынтасы бүгінде оқушылар мен жас журналистер үшін үлгі болып отыр. Әріптесіміздің жарқын бейнесі жадымызда сақталатыны сөзсіз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы