Бұл бір ғанибет көрініс болатын: екі сарбаздың бір-бірімен ағылшын тілінде еркін сөйлескен сәті. Сұхбаттасқаны. Әсіресе олардың Александр Бектің қазақтың біртуар қолбасшысы Бауыржан Момышұлы туралы «Арпалыс» повесі туралы пікір алмасқаны.
Олар – «Көктем – 2026» шақырылымының жас сарбаздары. ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіби-даярлық бөлімінде әскери қызметтің қыр-сырымен танысуға кіріскендеріне үшінші апта болды. Елордамыз Астана қаласынан бастап, солтүстік пен оңтүстіктен, шығыс пен батыстағы өңірлерден келген жастар үшін үйді сағыну, жауапкершілікті алғаш рет сезіну, таңғы сап, талқыланбайтын бұйрыққа бағыну, тәртіп, алғашқы жаттығулар басталды. Олардың арасында ағайындылар мен егіздер ғана емес, жоғары білімділер де көп кездеседі. Дегенмен, бізді бірнеше тілде еркін сөйлейтін қос сарбаз қатты қызықтырған. Тағы, бойы екі метрден сәл-ақ асатын алып шекарашы да бар… Тек, барлығы рет-ретімен.
Алдымен әскерге қатардағы жауынгер Дінмухаммед Шәйлін туралы. Ол Астана Халықаралық университетінің түлегі. Ал өзі Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарайтын Бірлік ауылында дүние есігін ашыпты. Ақбастау деген бұлағы бар атамекенінен Астана қаласына қоныс аударғандарына көп болмаған көрінеді. Есесіне, Дінмухаммед өзінің арғы атасы Құрманбек Мархабаев Кеңес Одағының батыры һәм Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының досы болғанын, екеуінің Ұлы Отан соғысына да бірге аттанғанын ерекше леппен жеткізген. Алайда, Бауыржан Москваны қорғаса, Құрманбек ата Ленинград майданында болған жан беріп, жан алысқан қанды шайқастан аман шықпапты…
– Бірі, қазақ халқының даңқты перзенті, екіншісі өзімнің атам – Ұлы Отан соғысының батырларына қарап бой түзеп өстім. Сол аталарыммен мақтанып, соларға ұқсасам деген зор арман көкейімнен кеткен емес. Мектепте де, университетте де намыстың, рух пен батыр Бауыржанның кітаптарынан алған тәлімнің арқасында өзімді қамшылап оқыдым, – дейді жас сарбаз Д.Шәйлін. Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталысымен, шекарашылар сапына да өзім сұрандым. Аталарым халқымызға бейбіт өмір сыйлау үшін Ұлы Отан соғысына аттанса, мен тәуелсіз еліміздің шекарасын қорғауға бекіндім. Бір жағынан, шекарашы атану мен үшін мақтаныш.
Бізбен осылай деп ағынан жарыла сырласқан жас сарбаз әскерге дейін алған мамандығының арқасында АҚШ-тың Аляска штатында төрт жылдай жұмыс істепті. «Білесіз бе, осы бір жұртқа суық болып көрінетін жерде жүріп, Алясканың қысын Алтайдың суығына ұқсаттым. Ал жаз айларында мен өзімді Алматыда жүргендей сезінетінмін. Туған жерімді сағынғанымда мені осы ойлар жылытатын…», – дейді ол.
Қызық теңеу екен, дегенмен, қайда жүрсе де өзінің қазақ екенін есінен шығармаған жас жігіттің сөзінен ғана емес, тұла бойынан да патриоттық рухты сезінгендей болдық. Ал бұл – әсіресе шекарашыға тән қасиет.
Ал ол білетін тілдерге келетін болсақ. Ол – орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген. Өзінің ана тіліндей еркін сөйлейді. Сонымен қатар, француз, араб тілдеріндегі әдебиеттерді түсініп оқып, аудара алады. Тағы, көне түркі тілін зерттеп жүрген көрінеді. Арғы ата-бабаларының тарихын қопарып, солар туралы кітап жазғысы келеді…
«Арғы аталары» демекші, Димаш – Шанышқылы Қарамеңде батырдың ұрпағы. Төле бидің тұсында Ташкенттің он алты қақпасын қорғаған мыңбасы болғаны туралы мәліметті тапқан көрінеді. Қазақ ғалымдары зерттеп, тасқа басып шығарған Шанышқылы Бердіқожа батырдың інісі ретінде қасында жүрген.
…Иә, бізге сұхбат беруге ықыластана келіскен сарбаздың әңгімесі бізді өзіне шым тартып әкеткенін несін жасырайық. Демек, Димаштан болашақта мықты шекарашы, туған елінің нағыз патриоты шығатынына кәміл сендік. Ал әзірге ол үшін темірдей қатал тәртіпке негізделген әскери өмірдің алғашқы парағы енді ашылды.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаменті



