Өркениетті қоғамның тағдыры өсіп келе жатқан ұрпаққа байланысты екені даусыз. Ал кітапхана – заман талабына сай білімнің, ғылымның шығармашылық және мәдени дамудың жетістіктерін насихаттауға елеулі үлес қосатын биік парасаттылық пен біліктіліктің ордасы. Осы орайда, заманауи үлгіде жабдықталған кітапхананың қажеттілігіне баса көңіл бөлінуі тиіс. Алайда бізді Еңбекшіқазақ ауданындағы ескірген орталық кітапхананың ескерусіз қалған жағдайы алаңдатады. Жолыңыз түсіп жатса, біз сөз еткелі отырған кітапхананың ақбоз үйлер арасындағы қарашаның қара күркесіндей халде екендігін аңғарасыз.
Еңбекшіқазақ ауданындағы орталық кітапхана 1934 жылы бой көтерген. Бүгінде 90 жылға жуық тарихы бар руханият ордасы білім іздеген жандардың зердесіне шуақ шашып келеді. Кітапхана қоры қазіргі таңда 53 мың кітапқа жетіпті. Оның ішінде қазақ тілінде 20 мың данаға жуық кітап бар көрінеді. Кітапхана қызметкерлерінің сөзінше, оқырман саны жылдан-жылға артып, кітап қоры жаңа кітаптармен әр тоқсан сайын толықтырылады екен. Олар әр бөлмеге бөлініп қойылған, бірақ бөлмелер жетіспегендіктен кітаптардың біразы бір бөлмеде жинаулы тұр. Ғимарат кітапханаға лайық емес, оның үстіне қабырғасы қақырап, іргетасы құлай бастапты.
– Аудандық кітапхана бұл ғимаратқа 2005 жылы көшірілген. Одан бұрын бұл үй аудандық аурухананың қарамағында болған. Өңірдегі 7500-ден астам оқырманға рухани азық болған жалғыз орталық кітапхананың қазіргі күйі аянышты. Жамап-жасқағанымыз болмаса, салынғанына ғасыр жуықтаған ғимарат ешқашан жөндеу көрмей келеді. Өзіңіз көргендей, іргетасы құлап, едені тесілген. Жаңбыр жауса, төбесінен су сорғалап қоя береді. Кітапхананы күрделі жөндеуден өткізу туралы аудан әкімдігіне, аудандық мәслихатқа, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсыныс хаттар жолдадық. Бірақ қазірге дейін оңды жауап ала алмадық. Оқырмандар залын ретке келтіру үшін кәсіпкерлерге де өтініш айттық. Бірақ бізге қолұшын беретін атымтай жомарт табылар емес, – дейді кітапхана директоры Дәриға Әділжанқызы.
Кітапхана қызметкерлері болмашы жалақы алатынына қарамастан орасан зор жұмыс істеп жатыр. Олар оқырмандарға қалтқысыз қызмет көрсетеді. Әйтсе де, оқырмандарға жоғары сапада қызмет ету және өз деңгейінде мәдени шараларды ұйымдастыру үшін кітапханаға заманауи құрал-жабдықтар қажет. Оқырмандар ордасына компьютерлер жетіспейді, мұнда тұрған компьютер ескірген. Кітап қоры бай, мүмкіндігі зор кітапхана кең ауқымда жұмыс істеп, болашақ ұрпаққа жетуі үшін құзыретті орындардың назарынан тыс қалмауы керек.
– Аудан тұрғындарына кітапхана қызметін көрсетуді тиімді ұйымдастыру жұмысы қазіргі күннің талабына сай емес. Біздің тұрғындар кітапхана қызметімен толық қамтамасыз етілмеген. Ережеге сәйкес, 1500 және одан да көп тұрғыны бар әрбір елдімекенде бір көпшілік кітапхана болуы керек, ал біздің ауданда тек қана 11 ауылда кітапхана бар. Оның үстіне кей ауылдардағы кітапханаға тек штат қана берілген. Оларда кітап қоры мен кітап сөрелері жетіспейді. Сол себепті, кейде олармен барымызбен бөлісуге тура келеді, – дейді кітапхана әдіскері Гүлия Саурықова.
Өркениетті қоғамның ұстыны – кітапхана. Білім-ғылымның бастауына айналған кітапқа құмарлық адамзатты сана биігіне көтеріп, озық технология мен рухани жаңалықтың игілігін сезінуге жетелейді. Сондықтан, кітапхана мен кітаптың қадірі қашанда жоғары. Еңбекшіқазақ ауданындағы орталық кітапханада жас ұрпақтың жан әлемін байытатын мәдени шаралар мен рухани кездесулер жиі өтеді. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» демекші, сондай бір жұрт бас қосатын сәттерде де кітапхана қызметкерлері қысылады екен. Өйткені, кітапхананың оқырмандар залы тым шағын. Онда көп болып, көсіле шара өткізудің мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті, мерекелік шаралар мен түрлі кездесулерде кітапхана ұжымы өзгелерге өтініш айтып, басқалардың босағасынан сығалауға мәжбүр болады.
Кітапхана – ғасырдан-ғасырға адамзат ақыл-парасатының алауын сөндірмей келеді. Адамзат өркениетіне із қалдырған өресі биік тұлғалардың барлығы кітапханадағы алтынға бергісіз ақыл-ойдың қайнарынан нәр алып, қанаттанып еді. Шындығы сол – өміріміз үшін кітапхананың орны өлшеусіз. Осыдан біраз бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», – деген еді. Ел руханиятында алар орны бөлек кітапхананың мәселесі тез арада өз шешімін табады деген ойдамыз. Барлық оқырмандардың еңсесі биік кітапханамен ертерек қауышуға асығатыны анық.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы