⛅
10°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 18, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Ғасыр биігіндегі мектеп

    11.04.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Ғасыр биігіндегі мектеп
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Еңбекшіқазақ ауданы Асысаға ауылындағы Т.Қабылов атындағы мектеп шәкірттеріне 46-рет құшағын жайған қоңыр күзде 1965 жылы туған балалар тарыдай болып табалдырығын аттаған едік. Енді міне, сол білім ордасының ғасырлық тойына таудай зейнеткер болып қатысып отырмыз. Қайтып келмес күндер, қайталанбас балалық пен қайран қымбат уақыт! Кешегі алаңсыз балалар өмірден орнын тауып, қазір немере жетектеп, шөбере күтер жасқа жетті.

    Ғасыр жасаған мектебімде менің әкелерімнің де табанының ізі қалған. Біз де алғашқы оқу жылдарын 1972 жылы ауылдың төменгі жағындағы сол ескі мектептің есігін аштық. Алғаш қолға қалам ұстатып, әріп танытқан ұстазымыз Бақыт Жұмәділова еді. Біз – ол кісінің ұстаздық жолының тұсауын кескен алғашқы шәкірттеріміз. Әлі есімде, әліппені бәрімізден тез меңгерген оқушы Есболат Мәтеков еді. Ал ең әдемі жазудың иесі Анар Иманбекова болатын. Математика – менің сүйікті пәнім, сандарды алып-қосуда алдыма жан салмаймын. Табиғаттану сабағында Сәлима Әбдіқасова жақсы мазмұндайтын. Жанболат Дәлебаев пен Бақтыбек Ысқаков суретті әдемі салатын. Еңбек сабағында Болат Әбілдаевтың ермексаздан жасаған жануар мүсіндері ерекше есімде қалыпты. Сыныпта ең салмақты қыз Айжан Жағыпарова, ал ең мазасыз бала Орынбасар Өтбаев болған сияқты. 1-сыныпты аяқтағанда сол ескі мектептің ауласында мектеп директоры Әділ ағайдың қолынан Мақтау грамотасын алғанда жұдырықтай жүрегімнің дүрсілдегені, директор ағайдың алып денесімен менің бойымның деңгейіне дейін иіліп тапсырған сәті сағынышты күндерге еріксіз жетелейді.
    Ескі мектеп ауыл сыртында, Бекбауға жақындау, бірақ ауласынан Бақай тауы ерекше көрінуші еді. Балалық шақтың қызығы мектепте өтетіні – жазылмаған шындық. Көктем келіп, қар еріп, бәйшешек қылтиған кез. Біздің сыныпта Бақыт апайдың сіңілісі Алмагүл оқитын. Үлкен үзілісте Алмагүл бастаған біраз қыз мектептің арт жағынан бәйшешекті қуалай теріп, Бекбау жаққа дейін ұзап кеткен екенбіз. Есімізге сабақ түскенде сүрініп-қабынып, қолымызда бәйшешек, шаң мен тер басқан бетіміз айғыз-айғыз болып жетіп келдік. Апайдан ендігәрі бәйшешек гүлін жұлмайтын болып алғашқы өмір сабағын алдық.
    Сол бастауышта күліп еске алатын марқұм Бақытгүл – ауыл фельдшері Күлтай апайдың қызы еді. Ол кезде балаларға әр аурудың алдын алу үшін тексеріс жасап, екпе салатын. Күлтай апай бәрімізді сапқа тұрғызып, шетінен ине салып жатыр. Кезек Бақытгүлге келгенде ол партаны айнала қаша жөнелді, Бақыт апай мен фельдшер анасы оны әзер көндірді. Өзіміздің инеден қорқып жылағанымызды сол сәтте ұмытып, жаңағы көрініске мәз болған едік.
    Төртінші әлде бесінші сынып оқитын кезіміз. Алғаш француз тілін үйреткен Бағдагүл апайымыз ашық сабақ өткізді. Оған алдын ала дайындады. Келісім бойынша бәріміз қол көтереміз, бірақ апай белгілі оқушылардан ғана сабақ сұрауы керек. Ашық сабаққа сол кездегі оқу ісінің меңгерушісі Ерғожа Жампозов ағай бастаған біраз мұғалім қатысты. Оқушылар түгел белсенді, бәріміз «Мен айтайыншы, тәтей» деп жамырап қол көтердік. Мұндай ерекше белсенділіктен сезіктенді ме, оқу ісінің меңгерушісі артта отырған Айгүлден: «Сендер осы тақырыпты бұрын өттіңдер ме?», – деп сұрады. Балалы үйде ұрлық жатсын ба, Айгүл бар шындықты жайып салды. Сөйтіп апайымызға «сатқындық» жасап қойғанымыз бар.
    Біз жаңа мектепке көшкенде білім ордасының айналасын көгалдандыру ісіне белсене араластық. Қызылшарыққа қарай шығатын жол жиегіне ағаш көшеттерін отырғыздық. Күзде оқудың алғашқы тоқсаны шала оқумен өтіп кетеді. Өйткені оқушылар қырманда жүгері аршу, сарайда көк темекі тігуге тартылатын. Қоғамдық жұмыс балаларды тәрбиелейтін. Ешқандай бос уақытымыз болмайтын. Әр пән бойынша өтетін олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз болсақ, мектептің мақтанышына айналамыз. Әр мерекеде есте сақтау қабілеті мықты, көп алдында жасқанбай, жаттағанын мәнерлеп жеткізетін оқушылар клубта өтетін жиында қасқайып тұрып өлең оқитын. Күлтай Әбілдаева апай ұйымдастырған «Тәтті ағашты табу хикаясы», «Зарница» ойындарын ұмыту мүмкін емес. Әуесхан ағай волейбол, баскетбол, футболдан жарыстарға дайындайтын. Мектепте Серік ағайдың сырнайының сүйемелдеуімен сабақтан соң сағаттап дайындық жасалатын хорды қалай ұмытасың?! Марқұм Бағай ағайдың дене шынықтыру сабағында вальс үйреткеніне әлі күнге ризамын. Біздерге тәлім берген әр ұстазға мың алғыс!
    Мектеп директоры Әділ ағай мен Күләш Есенбаева апай географиядан, математикадан – Оспан Нәбиев, Нүсіпхан Кебекбаев пен Нұрзия Бөлекова, қазақ тілінен – Күлән Қожанова мен Құралай апай, орыс тілінен – Айнаш Қалиева, кейіннен жас мамандар – Шәйгүл Жаныбекова мен Қарлығаш апай, физикадан – Мәрия Тамашаева, химиядан – Нұрсұлу Кайыпова, Фарида Ахметова, француз тілінен – ГауҺар Мүсірепова, Бағдагүл Умбеталиева, биологиядан – Хамза апай, тарихтан сабақ берген Аманжол Жұмабаев, Серік Бокиев, Еділ Кенжебеков, Әуесхан Бихымов, Бағай Әбдіқасов, Сағат Жолдасбеков, Иса ағайларға алғысымыз ұшан теңіз! Ол кісілердің біразы қазір арамызда жоқ.
    Өзім де ұстаз болдым, саралап қарасам, Әділ ағайдың өткізген сабағы ерекше болыпты. Ол кісі тақырыпқа байланысты жаһан жаңалығын қамтып, тарих қойнауына сүңгітіп, әдебиетін шолып, экономикасын барлап бірақ тоқтайтын еді. Ағайдың осы талабы қай салада еңбек етсем де қажет кітапты тауып бір сүзіп қарап шығу, газет-журнал жаңалығын қадағалау, қосымша материал іздену әдетімді қалыптастырды. Әр ұстаздан көргенің, үйренгенің, түйгенің өмір жолыңда керегіңе жарайтыны ақиқат.
    1982 жылдың көктемінде 70-тен астам оқушы мектеп ұясынан кең өмірге қанат қақты. 40-қа жуық сыныптас түрлі мамандықта оқыпты, тіпті кейбірі 2-3 диплом алып, өмір көшіне бейімделіп жұмыс істеген. Олардың қатарында А.Жағыпарова, С.Әбдіқасова, С.Бексұлтанова, З.Қораласова, А.Әлиева, Г.Отарбаева, А.Жумадилова, М.Жиренова, К.Нұртаева, А.Жетпісова, Ж.Нұғыманов, Б.Искаков, Ғ.Рысмендиев, Г.Усерханова, Г.Дүйсебаева, Ж.Әлімқұлова, Е.Мәтеков, Н.Сайболатов, Т.Әбдіқасов, Б.Әшімбаева, З.Нурбаева, А.Рысбақова, Н.Әбжанова, Г.Бейсенова және марқұм кластас қыздар – Ә.Бүрлібаева, Р.Какенова, Б.Сайбырова, Т.Аңласынованы да айта кеткен жөн. Тізімделмей қалғандар болса ренжімес, дипломмен әр салада табысты еңбек еткендерін білемін, куәмін, қуанамын, мақтан тұтамын. Желтоқсанның ызғарлы күндерінде тоңып жүріп, алаңға шыққан Сәуле Бексұлтанова, Сәлима Әбдіқасова, Бақтыбек Искаков, Ғалымжан Рысмендив және марқұм Әлия Бүрлібаева – біздің мақтанышымыз.
    Бұл күндері олар ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, немере жетектеген бақытты ата-апалар болды.
    Ғасырлық тарихы бар бұл мектептің 1965 жылы туған түлектері туралы үзік сыр баяндаушы өзім де мектептің үздік түлегімін, 3 диплом иесімін. Алғашқы еңбек жолымды мектебімде бастауыш сынып мұғалімінен бастадым. ҚазМУ-дың филология факультетіне түскеннен кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болдым. 1991 жылы Алматы қаласына ауысып, №123 Ахмет Яссауи атындағы мектепте, Алматы қаласы әкімдігінің комитет, департамент, басқармаларында мемлекеттік тілді үйлестіруші, ономастика саласының маманы қызметтерінде жиырма бес жыл еңбек еттім.
    Ғасыр жасаған мектеп тарихында 1965 жылы туған түлектері болғанымызға, оқушылық күндеріміздің әр сәтін қызықты өткізгенімізге, жақсы ұстаз­дардың тәлімімен жақсы адамдардың қатарында жүргенімізге шүкір! Алтын ұям мектебім, күн сайын жаңарып, күз сайын құшағы шәкірттерге тола берсін!

    1982 жылы мектеп бітірген түлектер атынан –
    Жәмилә Мәкежанқызы

    Соңғы жаңалықтар

    Тазалық – әр азаматтың міндеті
    18.04.2026
    Іле ауданында «Таза Қазақстан» акциясына тұрғындар мен кәсіпорындар жұмылдырылды
    18.04.2026
    Маңызды мәдени нысанның маңы тазартылды 
    18.04.2026
    Алатау қаласында “Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбілік өтті
    18.04.2026
    Ұзақ батырдың шоқпары
    18.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>