Бүгінгі таңда ғылымға бет бұрып, жоғары жетістіктерімен дараланып келе жатқан жастардың қатары көбейе түскені қуантады. Солардың бірі – Іле ауданы Көкқайнар ауылы Бердібек Соқпақбаев атындағы №53 орта мектептің 11-сынып оқушысы Маржан Байларова.
Маржан әріп танымайтын кішкентай кезінен газетпен ойнап өскен. Есейе келе, мерзімдік басылымдар мен ақын-жазушылардың шығармаларын қызыға оқып, өлеңдерін жатқа айтқан. Қазақстанның халық жазушысы, ақын Темірхан Медетбекпен жолығып, сол кісі туралы ғылыми жоба да қорғаған.
Маржан бастауыш сыныпта оқып жүргенде оның білімге деген құштарлығын байқаған алғашқы ұстазы Сандуғаш Айдарбекова мәнерлеп оқу сайыстарына жиі қатыстырып, ізденіске жетелеп, алға ұмтылуына шабыт беріп отырған. Сондықтан екінші анасындай болған Сандуғаш Сапарәліқызы Маржанның жүрек түкпірінен ерекше орын алған жанның бірі десек, артық айтқандық болмас.
Ғылым-білімге деген қызығушылығы арта түскен ол түрлі деңгейдегі байқаулар мен білім бәйгелеріне қатысады. Оның білсем, көрсем, үйренсем деп тұратын ынтасын аңғарған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынай Қозбаева ғылыми жоба жұмысы бойынша да жетекшісі болып, бағыт-бағдар берген. «Дарынды шәкіртті дарынды ұстаз тәрбиелейді» демекші, бойындағы талантын аша біліп, болашағына жол сілтеген бағдаршам іспетті болған Алтынай апайының жетекшілігімен ол талай мәрте шығармашылық байқауларда, түрлі деңгейдегі ғылыми жоба сайыстарында топ жарып, жүлделі орындарды иеленген.
2019 жылы BILGEN BAIGE республикалық олимпиадасының аудандық және облыстың кезеңінде жеңімпаз атанады. 2021 жылы «Зерде» ғылыми жобалар байқауында 3-орынды еншілесе, келесі жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауында 2-орынды олжалаған. 2023 жылы республикалық зерттеу жобалар байқауында, 2024 жылы «Яссауитану» байқауында жеңімпаз атанған. Сонымен қатар республикалық лингвистикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде бас жүлдені қанжығасына байласа, облыстық кезеңде 3-орынға ие болған. Аудан бойынша «Үздік ауыл оқушысы» атанып, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған облыстық олимпиадада жүлделі орын иеленеді.
Ғылымға бет бұрған алғыр оқушы Республикалық «Дарын» ғылыми жоба байқауында да 3-орынды қанжығалайды. Осы жетістігі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Бұл ғылым-білімді серік еткен талантты оқушы мен оның «Дарын» ғылыми жоба жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының жеңімпазы атануына сүбелі үлес қосқан ғылыми жетекшісі Алтынай Оразбайқызының төккен терінің нәтижесі екені сөзсіз.
Уақыт өткен сайын білімділігін паш етіп келе жатқан Маржан балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай мәнерлеп оқудан облыстық байқауда топ жарып, республикалық «Яссауитану-2025» байқауында облыстан 1-орынды, республикадан 3-орынды еншіледі. Биыл республикалық «Ақберен» өнер байқауының облыстық кезеңінде орын алып, барша тілеулестерін тағы бір мәрте қуантып отыр.
Барлық пәннен де үлгерімі жоғары, сабаққа деген ынтасы ерекше ол қазіргі кезде бітіруші түлектердің мектеп қабырғасында алған білімдері сараланатын ҰБТ сынағына дайындалуда. Таңдаған пәні – қазақ тілі мен әдебиеті. Арманы асқақ Маржанның діттеген мақсатына жетіп, жарқын болашақта тіл ғылымына жаңа серпін алып келетін ғалым атанарына кәміл сенеміз.
Күнтуар БАҚТЫБАЙҰЛЫ




