Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз», – деген болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі білім беру саласының маңызын айқындап, жаңа технологияны игерудің стратегиялық мәнін нақты көрсетеді.
Бүгінде білім беру саласын жетілдіруде цифрлық платформалар ерекше рөл атқарады. Сондықтан білім мен ғылым дәуірінде өскелең ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу үшін ең алдымен мұғалімнің өзі заманауи технологияларды тиімді қолдана алуы қажет. Себебі цифрлық құралдар сабақтың сапасын арттырып қана қоймай, оқушының қызығушылығын оятып, білімді тәжірибемен ұштастыруға, ғылыми ұғымдарды тереңірек меңгеруге және зерттеушілік қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні білім беруде көмекші құрал ретінде пайдалану қажеттігі туралы айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы сапаға қатысты түпкілікті жауапкершілік мұғалімде қалатынын ескерткен еді. Осы бағытта облыс орталығындағы Д. Қонаев атындағы қазақ орта мектебінде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның бірі – «EduAI» педагогикалық жобасы. Жоба аясында мұғалімдерге жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша тренинг, семинар, ашық сабақтар өткізіледі. Сонымен бірге дарынды оқушылардың қабілетін тереңдету мақсатындағы «STEAM-сағат» мектепішілік шарасы кем дегенде айына бір мәрте ұйымдастырылады. Жуырда білім ордасында қалалық деңгейдегі «Smart Teacher Qonaev» жобасы аясында ұйымдастырылған «STEAM білім беру және жасанды интеллект» ашық алаңы өтті. Онда мен заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өз сабағымды өткізіп, тәжірибеммен бөлістім. Қаланың әр мектебінен келген әріптестерім өз пікірлерін білдіріп, сабақты жоғары бағалады. Бұл мен үшін үлкен қолдау болып, көкейіме сенімділік ұялатты.
Қазіргі таңда тапсырмаларды жасанды интеллектінің көмегімен түрлі әдістерді қолдану арқылы құрастырамын. Мәселен, вайбкодинг тәсілі арқылы интернетпен де, интернетсіз де жұмыс істейтін оқу ойындарын дайындасам, Zapworks платформасын пайдаланып, жұптық жұмыс ұйымдастырамын. Ойын арқылы оқыту әдісі балалардың сабаққа деген ынтасын арттырады. Сондықтан тақырыпқа байланысты ойын түріндегі тапсырма ұсынамын. Ойын элементтері арқылы оқушы тек тапсырманы орындап қана қоймай, тақырып мазмұнын қызығушылықпен меңгереді. Тез шешім қабылдауға, алған білімін қолдануға дағдыланады. Жаңа ізденіс балалармен бірге өзімнің де цифрлық білімімді шыңдай түсуге септігін тигізуде.
Бүгінгі мұғалім тек білім беріп қана қоймай, оқушыны уақыт талабына сай бейімдейтін жаңашыл тұлға болуы тиіс. Сондықтан заманауи технологияларды тиімді пайдалану – сапалы білімнің кепілі.
Гүлмайра САҒЫНАЕВА,
Д. Қонаев атындағы №1 қазақ орта
мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Қонаев қаласы




