Қарасай аудандық әкімдігінде кәсіпкерлерге арналған жиын өтті. Онда шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Жиынға «Атамекен» ҰКП Алматы облысы бойынша филиалының директоры Азамат Әлиев, аудан прокурорының орынбасары Шыңғыс Оспанов, сондай-ақ бірқатар облыстық құрылым өкілдері қатысты. Кездесуді «Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының директоры Дәурен Кенжекеев жүргізді.
Басқосу барысында «Атамекен» ҰКП Алматы облысы бойынша филиалының директоры Азамат Әлиев аудан кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырып өтті. Сонымен қатар шағын және орта бизнес иелері бетпе-бет келетін кейбір мәселелерді көтеріп, олар жергілікті деңгейде шешімін таппаса, облыстық немесе республикалық деңгейде қаралатынын жеткізді.
Қарасай аудандық мансап орталығының директоры Дулат Сансызбаев та сөз алып, кәсіпкерлерге бос жұмыс орындары туралы ақпаратты мансап орталығына немесе enbek.kz электрондық еңбек биржасына жіберу қажеттігін еске салды. Ол сондай-ақ мемлекет әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялайтынын және жұмысқа қабылдау кезінде еңбек заңнамасын сақтау міндетті екенін атап өтті.
Алматы филиалының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Нұрмәди Әлібаев «Игілік» және «Береке» атты жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл бағдарламалар 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспарының құрамдас бөлігі саналады. Сүт өндірісімен айналысатын шаруашылықтарға 7 жылға, ал ет өндірісіне 9 жылға несие беріледі, алғашқы 24 айға «каникул» қарастырылған.

Бағдарламалар бойынша жылдық мөлшерлеме 6 пайыздық деңгейде бекітілген. Операторы – «Аграрлық несие корпорациясы». Қаржыландыру несие серіктестіктері мен екінші деңгейлі банктер арқылы да қолжетімді.
«Игілік» бағдарламасы 100-500 ірі қара немесе 500-1000 ұсақ мал басы бар шаруашылықтарға арналған. Ол асыл тұқымды мал мен құс сатып алуға, сондай-ақ қаражаттың 20 пайызын жем-шөпке жұмсауға мүмкіндік береді.
«Береке» бағдарламасы 500-ден астам ірі қара немесе 1000-нан астам ұсақ мал ұстайтын ірі шаруашылықтарға бағытталған. Ол асыл тұқымды мал сатып алуға, бордақылау алаңдарын дамытуға және экспортқа бағытталған өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Алматы облыстық «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының директоры Бақытжан Исақов та қаржылық қолдау мүмкіндіктері туралы баяндады. Бұл ұйым 1997 жылдан бері жұмыс істейді және Ұлттық даму институты болып саналады. Қордың жалғыз акционері – «Бәйтерек» ҰБХ АҚ. Қазіргі таңда оның 20 филиалы бар. «Даму» қоры шағын және орта бизнесті субсидиялау, кепілдендіру және жеңілдетілген несиелеу арқылы қолдайды.
Бақытжан Исақов сонымен қатар «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламаларының ерекшеліктерін түсіндірді. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 10 жылға 12,6 пайыз мөлшерлемемен (банктерде 22%-ға дейін) несие беріледі, көлемі 7 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бағдарлама өндіріс, туризм және IT салаларын қамтиды. «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында 200 млн теңгеге дейін 3 жылға 8-8,8 пайыздық мөлшерлемемен несие қарастырылған. Мемлекет мөлшерлеменің 40 пайызын субсидиялайды, ал кепіл жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры 85 пайызға дейін кепілдік береді.
Кездесудің соңында кәсіпкерлер өздерін мазалаған сұрақтарды қойды. Олар газ бағасының өсуі жеке балабақшалар үшін қиындық тудырып отырғанын айтты. Көгілдір отын бағасы соңғы уақытта бірнеше рет – тамыз, қаңтар және сәуір айларында көтерілген. Жиынға қатысушылар Жандосов ауылындағы қоқыс шығару кестесінің бұзылуы мен қаңғыбас иттер жайына да адаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар кәсіпкерлер электр желісін жүргізу бағасының жоғары екенін, әлеуметтік нысандар құрылысына мемлекеттік қолдау қажеттігін алға тартты.
Жиын қорытындысы бойынша барлық ұсыныс пен көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Олар кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Қуат Әбілұлы
Қарасай ауданы



