Биыл адамзаттың ғарыш әлеміне жол салғанына 65 жыл толуда. Бұл – ғылым мен технология жетістігі, адамдардың қол жеткізген үлкен игілігі. Міне, осынау айтулы күнге орай Байсерке әуе айлағында ғарышкерлер мерекесі аталып өтті. Әуеде тікұшақтардың, парашютшілердің әсерлі қойылымы көрсетіліп, жиналған жұртшылықты ерекше сезімге бөледі. Ал «МИ-2» тікұшағын тізгіндеуші Владимир Анцупов әуе көлігінің биін импровизациялау арқылы шеберлігін көрсетті.

Шара басталар алдында журналистер үшін баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Онда өтілетін шараның мәні мен маңызына тоқталған облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлы:
– Авиашоуды ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді, біз мұндай шараны екінші рет бірлесіп өткізіп отырмыз. Бүгінгі шара өтетін әуе айлағының келешегі зор. Біз мұнда әлі де талай қызықты шараларды өткізуді жоспарлап қойдық. Өздеріңіз білетіндей, Алматы облысы еліміз бойынша туризм саласында көшбасшы орынға ие, ал мұндай форматтағы шаралар көпшіліктің қызығушылығын тудырады және саланың дамуына серпін береді. Сол себепті бұл бағыттағы іс-шаралар өңірді дамытудағы жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналмақ, – деді.
Авиафестивальді ұйымдастырушы Аэлита Федорова бағдарламаның кең аудиторияға арналғанын еске салды.
– Биыл қонақтар үшін ғарышкерлерді даярлауға арналған жаттығу орнын іске қостық. Онда әрбір адам ұшу кезіндегі әсерді сезіне алады. Бұл адамдарға айрықша сезім сыйлайды, – деді ол.

Авиафестивальде көрермендер ғарыш тақырыбындағы сахналық элементтерді, зымыранды ұшыруды, аппаратты түсіруді, авиамодельдік шоу бағдарламасын тамашалады.
Қонақтар үшін жайлы жағдай жасалды. Атап айтар болсақ, фудкорт аймақтары жұмыс істеді, шығармашылық индустрия шеберлерінің жәрмеңкесі өтті, ал суретке түскісі келетіндер үшін жоба демеушілері бірнеше фотоаймақ дайындады. Барлық келушілер әуе шарымен биікке көтерілуге немесе садақ атуға мүмкіндік алды.
Концерттік бағдарламаға да орын берілді. Сахнада танымал әншілер де, жас орындаушылар да өнер көрсетті. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында Ілияс Ауытов пен «Мотор Роллер» тобы болды. Жанды дыбыс, рок және жан сергітер музыка фестивальге шынымен мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Авиафестивальға көпшілік қауым достарымен, отбасымен келіп, қызықты бағдарлама, әсерлі шоудың куәсі болды.
Алма ЕСЕНБАЙ
Талғар ауданы



