Алматы облысында алма өсіру және одан түрлі өнім шығару ісі жүйелі жолға қойылған. Жеміс ағашын күтіп-баптау машақаты көп жұмыс. Соған қарамастан, өңірде алма бақтарының аумағы мен өнім көлемі жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Бүгінде өңір бойынша 7 мың гектар аумақта алма өсіріледі. Оның 2,2 мыңы – интенсивті бақтар. Қазіргі таңда алманың отаны саналатын Алатау баурайында алма бақтар гүлдеп, көздің жауын алатын әдемі көрініс тұрғындардың да туристердің де назарын аударуда. Осынау сұлулықты тамашалау үшін арнайы келетін адамдар саны да жыл сайын артып келеді.
Өңірдің климаттық ерекшелігіне орай алма ағашының сұрыптары да арнайы таңдалған. Сондай-ақ жоғары технологиялы аграрлық әдістер кеңінен қолданылады. Автоматтандырылған тамшылатып суару жүйесі іске қосылған. Бұл технология ерте өнім алуға, топырақ эрозиясының алдын алуға, өсімдік аурулары мен арамшөптердің таралу қаупін азайтуға, сондай-ақ тыңайтқыштар мен минералдарды әр көшеттің тамырына дәл жеткізуге мүмкіндік береді.
Алматы облысында бұл бағыттағы көшбасшы кәсіпорындардың бірі – Талғар ауданындағы «Баймене» ЖШС. Кәсіпорында алманы өсіруден бастап, жинау, өңдеу және дайын өнімді ұзақ мерзімге сақтау жұмыстары түгел жолға қойылған.
Компания 2016 жылы интенсивті бақ отырғызу жұмысын бастаған. Бастапқыда 30 гектар аумаққа алма көшеті егілсе, қазіргі таңда жалпы аумағы 110 гектар жерде жеміс ағашы жайқалып тұр. Алдағы уақытта алқап көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бақта су үнемдеуге септігін тигізетін тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Оған минералды тыңайтқыштар қосылады. Бұл топырақ құнарын арттыра түседі.
Компанияның бас агрономы Георгий Чернышевтың айтуынша, көшет өскен сайын су да көбірек керек болады. Оны бақылау үшін танзиометр құрылғысы орнатылған. Ағаштар 30 минут, кейде 1-2 сағат сайын суарылады.
«Әуелде алманың 7-8 сортын егіп көрдік. Кейін «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи» сияқты негізгі 4 түрін қалдырдық. Себебі оларға сұраныс жоғары әрі табиғат ерекшелігіне де сай келеді. Бақша жұмыстарының көбі арнайы техника мен заманауи құрылғылардың көмегімен атқарылады. Қазір жаңа сорттарды сынақтан өткізіп жатырмыз. Олардың қалай өсіп, өнім беретінін және тұтынушылардың пікірін бақылап, зерттейміз. Бұл сұрыптар 2-3 жылда жеміс бере бастайды. Интенсивті бақтың артықшылығы да сол – өнімге тез қол жеткізесің. Зиянкестер мен түрлі өсімдік ауруларынан ағаштарды сақтау үшін пестицид, фунгицид, инсектицид сияқты дәрілер қолданылады. Сонымен қатар бақылау жүйесі де бар. Ол феромонды тұзақ арқылы зиянкестердің таралуына жол бермейді», – дейді агроном.
«Баймене» ЖШС директоры Евгений Камбаров кәсіпорында алманы сұрыптап, көлеміне қарай іріктеп, буып-түюге арналған арнайы желі жұмыс істейтінін айтты. Мұнда алмадан 100 пайыз табиғи шырын өндіріледі. 3 литр шырын алу үшін 6 келі алма пайдаланылады. Қосарланған пастерлеу тәсілі өнімнің барлық пайдалы қасиеттерін консервантсыз сақтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның заманауи жеміс сақтау қоймаса да бар. Онда 5100 тоннаға дейін өнімді сақтауға болады.
«Қазіргі таңда көшет отырғызу, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Өнімді тамыз айында жинаймыз. Кейін қоймаға сақтауға жіберіледі. Біз жемісті ішкі нарыққа өткіземіз, сондай-ақ шетелдерге де экспорттаймыз. Өткен жылы 1500 тонна алма жинадық. Ал биыл екі мың тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Кәсіпорында 18 техника жұмыс істейді. Олардың қатарында тракторлар, түрлі культиваторлар, дәрі немесе тыңайтқыш шашатын, ағаштарды кесіп, арасын сирететін техникалар бар. Көшеттер Голландия мен Италиядан әкелінеді. Ал биыл 30 гектарға жергілікті тұқымбақтан алынған көшеттерді отырғызуды жоспарлап отырмыз», – дейді компания директоры.
Кәсіпорында 100-ден астам адам жұмыс істейді. Қызу еңбек кезінде жұмысшылардың да саны көбейеді. Оларға мамандар техникалардың қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп, кеңес береді.
Бүгінде аумағы 1600 шаршы метр болатын кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Онда шырын, пюре, джем, смузи және балалар тағамын өндіру жоспарланған.
Облыста бұдан өзге де алма бағын баптап, өсіретін кәсіпорындар көп. Оларға мемлекет тарапынан қолдау зор. Сондықтан болашақта Алматы облысының болмысын айшықтайтын алма бақтары бұдан да жандана түспек.



