Мал төлдету – жауапты науқан. Бұл тікелей Балқаш ауданы әкімінің назарындағы мәселе болғандықтан, осы салаға жауапты мамандар мал төлдету ісін жіті бақылауға алған. Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, өңірде мал шаруашылығын өркендетіп отырған ірілі-ұсақты 1218 шаруашылық бар. Онда 115 бас түйе, 33933 бас жылқы, 113225 бас сиыр және 111539 бас қой-ешкі өсірілуде.
Көктем басталғалы бұл шаруашылықтар төрт түлігін төлдетіп, мал басын көбейтіп жатқан жайы бар. Мал төлдету науқанына алдын ала дайындық жасалып, қажетті жем-шөп жиыстырып, қора-жайын талапқа сай реттеп қойған шаруашылықтар жыл сайынғы дәстүрге айналған науқанды еш қиындықсыз атқаратыны жасырын емес. Бұл жауапты науқанда малшылар қауымына арқаны кеңге салып жайбарақат жатуға әсте болмайды. Қанша қиын болса да төзімділік танытып жүрген шопандар түн ұйқысын төрт бөліп, әрбір төлдің оттығып, мал қатарына қосылып кеткенінше алаңдап жүрері сөзсіз.
Мал өсірумен тұрақты айналысып, атакәсіпті жандандырып жатқан шаруашылықтардың бірі – «Темірлан» шаруа қожалығы. Онда арнайы барып, атқарылып жатқан жұмысты көзбен көріп, көп нәрсені көңілге түйіп қайттық.
Шаруашылық төрағасы Сұлтан Ирсаевтың айтуынша, қожалық 2006 жылы әкесі Шәріп Ирсаевтың ықпалымен құрылған. Анасы Светлана да қолдау білдіріп, мемлекеттік жер қоры есебінен Іле өзенінің жағалауынан 50 гектар жерді жалға алып, алғашқыда құс өсірумен айналыса бастаған. Ал 2016 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысу мақсатында тағы қосымша 50 гектар жер алған. Сөйтіп асыл тұқымды ірі қараларды сатып алып, шаруашылықты өркендете бастаған. Бүгінгі таңда ірі қараларын асылдандырып, қазақтың ақбас сиырларын өз төлінің есебінен көбейтіп алған. Шаруашылықта 50 бас ірі қара, 10 бас жылқы, күркетауық, үйрек, тауықтар бар.
Шаруашылық иесі алдағы мамыр, маусым айларында төл басы көбейетініне кәміл сенімді. Өйткені ол әңгіме барысында ірі қаралардың арасындағы 20 бастың бұзаулау уақытының жақындап қалғанын, көктемгі және күзгі мал емдеу ісінің жүйелі атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Сұлтан Шәріпұлы өзінің жан жары Жұлдыз Серікқызы шарушылықта өсіріліп жатқан құстарға қарап, оларды қалай баптаудың қыр-сырын меңгеріп алғанын және үлкен ұлы Темірлан сабақтан тыс уақытта өзіне қолқанат болып жүргенін айтты.
Малды ауылға барған кезде жас күнінен шаруашылыққа араласып, атжалын тартып мінген Темірланның арғымағын тізгіндеп, өрісте жайылып жүрген ірі қара мен үйірлі жылқыларды түгендеп, олардың кешкі жатағына шөп шашып, әкесіне көмектесіп жүргенін көрдік. Бұл – еңбек адамының әкеден балаға жалғасып келе жатқан игі дәстүрі.
Иә, ауыл тұрғындары үшін мал төлдету таңсық іс емес. Қолда бар төрт түлікті өсіріп, көбейтіп отырған малшылар қауымы мал ұстаудың бейнеті мен берекетін бірдей сезініп, жауапты науқанды ойдағыдай атқаруда.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы



