Міне, үш айға жуық созылған жазғы демалыс аяқталып, жаңа оқу жылының басталуына да аз күн қалды. Биыл еліміз бойынша 172 мыңнан астам оқушы 11-сыныпты, ал 288 мыңнан астам оқушы 9-сыныпты бітірді. Алдағы 2023- 2024 оқу жылында 88 204 студент жоғары және орта арнайы оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алады деп күтілуде. Грант саны өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға немесе 16 500 орынға артық. Жалпы, соңғы бес жылда грант саны 50 пайызға дейін көтерілген.
Әрине, грант саны көбейгені қуантады. Соның өзінде бұл сандардан әлі де 460 мыңдай жас түлектің 80 пайыздан астамы ақылы негізде ғана оқи алатынын көреміз. Бүгінгідей жұмыс пен табыс аз заманда ата-анасының табан ет, маңдай терімен тапқан қаржысына «ұл-қызым қатарынан кем болмасын» деп оқытқан балалары ертең сол оқуға бірнеше миллион теңгесін шығындап, 3-4 жыл уақытын жұмсаған соң жұмысқа орналасып кете ала ма? Өте қиын сұрақ! Қазір Қазақстанда 128 жоғары оқу орны бар. Солардың 45-і – мемлекеттік, 79-ы – жекеменшік, ал қалған 4-еуі – халықаралық жоғары оқу орындары. Сарапшылардың зерттеуінше, соңғы жылдары осы ЖОО-ны бітірген жастардың 40 пайызы жұмыссыз қалса, 35 пайызы дипломдағы мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, басқа салаларда еңбек етуге мәжбүр болған.
Талғар қаласында да кезінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін білікті мамандар дайындаған, беделі ешбір жоғары оқу орнынан кем саналмаған бес колледж бар. Бүгінгі күні ауылдың тұралауы, көптеген өндірістік кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуы салдарынан оларды бітірген өрімдей жастардың да басым көпшілігі басқа салаларда немесе жұмыссыз жүр. Сонда бұл мамандар не үшін оқыды? ЖОО-лар нарыққа қажет емес сонша жасты не үшін оқытты? Әрине, дәл жауабын беру қиын. Бірақ сәл ойланған адам сол жекеменшік оқу орындарының, тіпті, кейбір мемлекеттік жоғары оқу орындарының басшылығы да тек өздерінің ғана қаржылық жағдайын ойлап, онсыз да әлеуметтік жағдайы төмен халықтың қаржысын, арман қуған жалынды жастардың алтын уақытын бекер шығындап, ұлтымызға зиянын тигізіп жатқанын түсінетіні сөзсіз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде ең көп дайындалған мамандар – заңгерлер, қаржыгерлер, экономистер екені жайында жазбаған газет, айтпаған радио, көрсетпеген телеарна қалмаған шығар. Содан халықтың құқықтық мәдениеті артып, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік әділдік нығайып, жемқорлық азайып, экономикамыз қатты дамып кетті ме?! Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, азды-көпті өсім бар шығар. Бірақ ол еліміздің әлеуетіне, халқымыздың парасатына, азаматтардың заңды құқықтарына сай емес қой! Керісінше, жемқорлық шарықтау шегіне жетті. Өмірден өз орнын таба алмаған, жұмыс істеп жеткілікті жалақы ала алмаған, сөйтіп, бала-шағасын баға алмаған кейбір жастар өнер, білім, жұмыс іздеп шетелдерге кетті. Ұлттық идеологияның әлсіздігінен, жұмыссыздық пен әділетсіздіктен, биліктегі шенділердің бюрократтығынан тіпті, титтей балапандарын ертіп Сирия асып, лаңкестердің де қатарына өтті! Ұлан-ғайыр жері, қойнауы толы кені, тасқа басылған бірнеше мың жылдық тарихы, адамзат өркениетіне өлшеусіз қосқан үлесі бар – қазақтай бірегей ұлт үшін бұл масқара емес пе?!
Ал неге Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көпшілік жастар заңгер болуға ұмтылды? Оның себебі мынада сияқты: жемқорлық жайлаған қоғамда жемқорлықсыз ештеңеге де қол жеткізе алмайтынын түсінген жастар ертең заңгерлік мамандықты меңгеріп, тергеуші, прокурор, судья, адвокат, полиция қызметкері болып, елден пара алу арқылы жақсы өмір сүремін деген ойда жүрді. Оған көп жағдайда ата-аналары, алдындағы жол көрсетер әпке-ағалары ықпал етті. Олар 60-80 жылдары қоғамда үлкен сұранысқа ие болған үнді кинофильмдеріндегі озбырлықты, әділетсіздікті көп көрген халқын әділетке жеткіземін деп ұмтылған бас кейіпкерлер сияқты жақсы оймен, ізгі ниетпен бұл мамандықты таңдаған жоқ. Демек, о бастан олардың ниеті түзу емес екені көрініп тұр. Сол жастар оқу бітіріп, жұмысқа араласқан соң алдындағы үлкендерден көргенін істеп, жемқорлық – қоғам өмірінің қалыпты нормасына айналды. Оның үстіне, билік орындарында отырған шенділердің өзі «жемқорлықты жеңе алмаймыз» деп мемлекеттің дәрменсіздігін көрсетті.
Мұның бәрін айтудағы мақсат – әр жылы мектеп бітіретін түлектерге мамандық таңдауда азды-көп кеңес беру. Бұдан былай әйтеуір «жоғары білімі бар» деген диплом алсам болды деген ойды санадан мүлдем шығарып тастау керек! Диплом алғанмен білім болмаса, білім алғанмен жұмыс табылмаса – бекерге уақытыңды жоғалтып, ата-анаңның қыруар қаржысын шашып қажеті қанша?! Сондықтан, ең алдымен, өзіңнің икем-ұқыбың бар, жаның қалайтын, сүйсініп істейтін, ең маңыздысы, нарықта әрқашан сұранысқа ие кәсіпті таңдап, сол бойынша оқыған, тәжірибе жинаған дұрыс деп ойлаймын. Оның үстіне тек жоғары білім алу міндет емес. Жалақысы жоғары қарапайым жұмысшы мамандығын иеленіп те бала-шаға бағуға, қоғамға пайдаңды тигізуге, бақытты өмір сүруге болады. Абай атамыз айтқандай, баланы жоғары болсын, орта-арнайы болсын, тіпті, кәсіптік-техникалық оқу орны болсын, қызмет қылсын, шен алсын деп бермей, үйренсін, білім алсын деп беру керек.
Ең бастысы, қандай оқу орны, қай мамандықты таңдасақ та ниет түзу болғаны жөн. Дана қазақ әзелден «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ниетің жолдасың болсын» деген тұжырымдарды бекер айтпаған. Ниет түзу болмаған жерде жақсылық болмайтынын адамзат тарихы мыңдаған рет дәлелдеді. Тағы бұл тек оқу, білім қуған жастарға ғана емес, ата-ана, балабақша, мектеп, университет сияқты білім мен тәрбие орындары, ауылдық әкімдіктен бастап, аудан, облыс, республикалық деңгейдегі барлық шенділерге, жалпы қазаққа, бүкіл адамзатқа қатысты айқындаушы мәселе! Егер ең төменгі басқыштан бастап, ең жоғарыға дейінгі барлық сатыларда ел үшін, мемлекет үшін адал қызмет етемін, сол адал қызметтен ләззат алып, халқымның құрметіне бөленемін, сөйтіп, адам деген ұлы атқа лайық болып, бақытты ғұмыр кешемін дейтін ниеті түзу жандар отырса, ондай қоғамда ешқандай заңбұзушылық, әлеуметтік әділетсіздік, билікке деген наразылық болмасы анық. Ол үшін кеңестік кезеңнен қалған ел басқарудың әкімшіл-әміршіл әдістерінен арылып, биліктің қайнар көзі ретінде халықтың ой-тілегіне, арман-мұратына құлақ асу керек. Мемлекет азаматтардың Ата Заңда жазылған барлық құқықтарының қорғалуына, орындалуына барынша қамқорлық танытуы тиіс.
Дана бабаларымыз «Халық деген – Құдайдың бір аты» деп бекер айтпаған. Ата Заңдағы «Биліктің қайнар көзі – халық» деген тұжырым да осы пікірге негізделгені күмәнсіз. Ендеше, халықтың өзі де осы ұлы атқа лайық болуға ұмтылуы керек. Ұлттық сана өсіп, жақсы сөзді көбірек айтып, әрдайым ниетіміз түзу болса, ұлтының қамын, елінің жайын, мемлекетінің мүддесін ойлайтын азаматтар көбейе түссе, ұрпағымызды да осы бағытта тәрбиелесек, бүгініміз айқын, болашағымыз жарқын болатынына күмән жоқ!
Құтмағамбет Қонысбай