Бүгін Алатау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өткізілді. Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары белсене ат салысты. Қатысушылар көшелерді, аулаларды, қоғамдық орындарды тазалап, қоқыстарды жинады, жасыл аймақтарды ретке келтірді. Сонымен қатар, ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл аймақты кеңейтуге үлес қосылды.Қала тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің бірлескен еңбегі нәтижесінде аймақтың тазалығы артып, тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптасты. Мұндай іс-шаралар қоғамдағы ынтымақты күшейтіп қана қоймай, әрбір азаматтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырады.
Сенбілікке қатысушылардың айтуынша, бұл акция тек тазалық жұмыстары ғана емес, сонымен бірге қоғамды біріктіретін, ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды қадам болып табылады. «Таза Қазақстан» аясында өткізілген сенбілік – болашақ ұрпаққа таза әрі жасыл қала қалдыруға бағытталған игі бастама.



