Райымбек ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өңір кәсіпкерлерімен кеңейтілген жиын өтті. Шараға Райымбек ауданының прокуроры Әлибек Мырзабеков, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Азамат Әлиев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Бақытжан Исақов, «Аграрлық несие қоры корпорациясы» АҚ Алматы филиалының, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты мамандары, кәсіпкерлер, шаруа қожалық жетекшілері, ауыл әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиынға келген көпшілік ауқымды шара басталғанға дейін мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашып, жұмысын дөңгелетіп отырған жекелеген кәсіпкерлердің «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы бойынша ұйымдастырған көрмесін тамашалады. Мемлекеттік бағдарламаға ие болған азаматтардың бірі – Шалкөде ауылының тұрғыны Қарлығаш Бақыт. Осыдан екі жыл бұрын 1 млн 500 мың теңге көлеміндегі грантты ұтып алып, «Бай-Қазы» аталатын кәсіп ашқан. Негізгі өндіретіні – жылқының қазысы, етінен жасалған әр түрлі көлемдегі шұжықтар. Кәсіпкердің қолынан шыққан дәмі тіл үйіретін бұл ұлттық тағамдар қазір халықтың сұранысына кеңінен ие болып отыр. Нарынқолдық Қанат Шелекбаев та мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрушілердің бірі. Жоғарыдағы қаражатқа ие болған Қанат ауласынан көлемі 220 шаршы метрлік жылыжай салған. Сөйтіп, жылыжайға таулы өңірдің ауа райына қолайлы қызанақ, қияр, қызылша, басқа да көкөніс түрлерін өсіруді қолға алған. Химиялық қоспасы жоқ, жергілікті органикалық тыңайтқышпен қоректенген көкөністер «Аянат» деген атпен қазір ауыл тұрғындарының сұранысын арттырып отыр. Кәсібін нәсібіне айналдыра білгендердің бірі – Қаратоған ауылының тұрғыны Күлпарқан Тоқтақын. Он саусағынан өнер тамған ақ жаулықты ана құрақ құраудың, төсенетін, жамылатын көрпелер тігудің, жастық жасаудың, ою ойып, өрнек тоқудың, маталардан, қой жүнінен иірілген жіптерден ұлттық дәстүрге сай үй жиһаздарын жасаудың хас шебері. Қолөнер шеберлерінің облыстық, республикалық көрме жарыстарына бірнеше дүркін қатысып, есімі рекордтар кітабына жазылған. Күлпарқан алаботадан сабын жасаудың да қыр-сырын терең меңгерген. Кәсіпкер қайнатқан қара сабын – кір-қоңды кетірумен қатар, сыртқы ағзадағы кеселдердің де бірден-бір емі. Ал Тілеш Өмір болса, ертоқым жасап, өрімшілікпен айналысады. Ертоқым жасауға жергілікті жердің ағашы – көктеректі пайдаланады. Ағаш ердің сыртын терімен қаптайды. Қалайыдан, күмістен, жылтыр сымтемірден зерлер тартады. Ердің тоқым, ноқта, жүген, тартпа, өмілдірік, құйысқан, қамшы секілді әбзелдерінің бәрі таза қайыстан өрілген. Кәсіпкер қолынан шыққан ат әбзелдерінің бағасы базар нарқынан әлдеқайда төмен. Нарынқол ауылының тұрғыны Дәулет Тілеужанның да қолөнерін меңгерудегі шеберлігі ерекше. Темірден, ағаштан, мүйізден жасаған сәндік, зергерлік бұйымдары, ағаш бетіне күйдіріп салған суреттері сұранысқа кеңінен ие. Кәсіпкерлер ұйымдастырған көрме көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Дәмі тіл үйірген ұлттық тағамдар мен үй жиһаздарын, ат әбзелдері мен сәндік бұйымдарды сатып алушылар да аз болған жоқ.
Кәсіпкерлердің кеңейтілген кездесу жиынын аудан әкімі Дастан Құдабаев ашты.
– Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – аудан кәсіпкерлерінің өзекті мәселелерін ашық талқылау, мемлекеттік органдармен кері байланысты күшейту және бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді бірлесіп шешу. Кәсіпкерлікті қолдау – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыты. Әкімдік тарапынан бизнеске қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деген аудан әкімі қатысушыларды ұсыныстар айтып, нақты мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған диалог алаңына шақырды.
Алғашқы сөз тізгінін ұстаған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Азамат Әлиев кәсіпкерлікті дамытуда қолға алынып отырған іс-шаралармен таныстырды. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бағдарламалардың орындалу барысы, маңызды мәселенің шекара шебіндегі Райымбек ауданына қатыстылығы жайлы қысқаша хабардар етті.
Келесі кезекте сөз алған Райымбек ауданының прокуроры Әлибек Мырзабеков кәсіпкерлікке байланысты прокурорлық тексерудің қорытындысы жайлы хабарлама жасады. Маңызды мәселенің заң талаптарына сәйкес келмейтін тұстарына тоқталды. Нормативтік-құқықтық актілерді жүзеге асыру барысындағы олқылықтар мен іс құжаттарын заң нормаларына сай жүзеге асыруда кездесетін кемшіліктерге жол бермеу қажеттігін ескертті.
Кеңейтілген жиын барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Райымбек аудандық филиалының директоры Гүлназ Тоқмолдаеваның өткен жылдың қорытындысы бойынша есепті баяндамасы тыңдалды.
2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 81 тұрғын 780 млн теңгеге өтініш беріп, 3 кооператив, 25 жеке кәсіпкер 265 млн теңгенің қаражатымен кәсіптерін бастады. Ауданды ауыл шаруашылығы техникаларымен жаңарту 65 пайызды құрады. 2025 жылы 63 жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Сондай-ақ өткен жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалығы несиеге ие болды. 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантын иеленген 16 адам қазір кәсіптерін ашуға мүмкіндік алып отыр. Ауылдық жердің кәсіпкерлік әлеуетін дамыту үшін «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру шеңберінде 8 өтінім қабылданды.
Ауданда туризмді дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, облыстық туризм басқармасы және «Авалон» тарихи-географиялық қоғамы мамандарымен бірлесе отырып, Кеген ауанының Саты ауылы үлгісінде пилоттық жоба іске асырылуда. Жоба аясында Қарасаз, Жамбыл және Қақпақ ауылдарында тұрғындардың жеке қаражаты есебінен қонақүйлер ашу, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын ұйымдастыру және жақын маңдағы көрікті жерлерге туристік турлар әзірлеу жұмыстары басталды. Шалкөде, Шұбартал, Көккемер және Байынқол бағыттарына апаратын жолдар бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жалпы сомасы 5,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қолдау тапты. Қазіргі таңда аталған қаржының 2,0 млрд теңгесі бөлініп, тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ауданның туристік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, өңір экономикасының тұрақты өсуіне ықпал ететіні анық.
Баяндамашы кәсіпкерлікке байланысты мемлекеттік бағдарламаның аудан көлемінде іске асырылып жатқан басқа да жетістігі туралы да хабардар етті. Палата филиалының алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.
Баяндамада айтылған мәселелер бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Бақытжан Исақов, Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының құқық мәселелері жөніндегі орынбасары Еркін Майлыбаев, «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының президенті Ләззат Ботабекова, облыстық кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары Жанна Қырғызәліқызы, басқа да адамдар сөз сөйлеп, өңірде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Ауданның кәсіпкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Жиынды аудан әкімі Дастан Құдабаев қорытындылады.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы



