Ғұмырының 40 жылын кітапхана қызметіне арнаған жанды білесіз бе? Ал соның 31 жылын Жамбыл ауданының кітапхана жүйесін басқаруға сарп еткенін айтсақ, ол Бибінұр Ыбырайжанова екенін өңір жұртшылығы бірден түсіне қояды.
Мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасын айшықтап, саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнаған білікті басшы, тәжірибелі маман туралы бұл мақала тек бір адамның еңбек жолы ғана емес, тұтас бір саланың өркендеуіне қосылған өлшеусіз үлестің жарқын көрінісі десек болады. Оның өмірбаяны жастарға үлгі-өнеге. Жамбыл ауданының Ақтерек ауылында 1964 жылғы 3 ақпанда дүниеге келген Бибінұр Ермекбайқызы мектеп қабырғасынан бастап алғырлығымен, білімге деген құштарлығымен ерекшеленіпті. 1981 жылы Ақтерек қазақ орта мектебін үздік тәмамдайды. Арман қуып, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп, 1986 жылы кітапханашы-библиограф мамандығын игеріп шығады.
Еңбек жолын сол жылы Қарғалы ауылдық кітапханасының меңгерушісі қызметінен бастаған жас маман аз уақыттың ішінде өз ісіне деген жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. 1990-1995 жылдары Жамбыл аудандық кітапханасында әдіскер болып қызмет атқарып, саланың қыр-сырын терең меңгереді. Ал 1995 жылдан бастап 2026 жылдың сәуіріне дейін аудандық кітапханада директор болып, оны жаңа деңгейге көтерді.
Оның ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аудан кітапханалары заман талабына сай жаңғырып, мәдени-рухани орталыққа айналды. Әсіресе, 1997 жылғы оңтайландыру кезінде қысқарту қаупі төнген 30 кітапхана филиалын 250 мың кітап қорымен сақтап қалуы – ерлікпен пара-пар іс. Нәтижесінде 2008 жылы қайтадан 24 ауылдық кітапхана өз оқырманына есігін айқара ашты. Бұл – Бибінұр Ермекбайқызының табандылығы мен салаға деген шынайы жанашырлығының айқын дәлелі.
Кәсіби шеберлігі мен ізденімпаздығы оны халықаралық деңгейге дейін алып шықты. 2013 жылы Лондон мен Париж қалаларында өткен «Кітапханаларды ақпараттық және мәдени орталық ретінде дамытудағы жаңа технологиялар» тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Бұл сапар аудан кітапханаларының қызметін жаңаша бағытта дамытуға серпін берді. Оның жетекшілігімен 2020 жылы жамбылдық кітапханашылар облыстық «Ауылым – алтын бесігім» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Сол жылы есімі «Қазақстанның көрнекті кітапханашылары» жинағына еніп, еңбегі республика көлемінде жоғары бағаланды. Сондай-ақ ол Жамбыл ауданының шежіресі шертілген «Ақала ордам қонған жұрт» кітабының редакциялық алқасының мүшесі ретінде де шығармашылық ортада белсенділік танытты.
Оның өмір жолы табандылық пен адал еңбектің, кәсібіне деген сүйіспеншіліктің үлгісіндей. Ол басқарған жылдары Жамбыл ауданының кітапхана жүйесі облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, түрлі мәдени іс-шаралардың ұйытқысына айналды. Бүгінде аудандық және ауылдық кітапханалар заманауи талаптарға сай жабдықталып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бибінұр Ермекбайқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Ол – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» және Ұлттық кітапхананың «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі Құрмет грамота мен Алғыс хаттармен марапатталған. Саналы ғұмырын бір саланың дамуына арнаған ардақты жан алғысқа әбден лайық.
Әріптестерінің қай-қайсысынан сұрасақ та оның еңбекқорлығы мен адамгершілігін қатар атайды. Олар үшін Бибінұр Ермекбайқызы – тек басшы ғана емес, ақылшы, тәлімгер, жүрегі кең қамқор жан. Оның әділдігі, адамгершілігі, кәсіби біліктілігі көпке үлгі.
Жуырда Жамбыл ауданының кітапханашылары Бибінұр Ыбырайжанованы мерейлі еңбек демалысына зор құрметпен шығарып салды. Иә, зейнеткерлік – еңбектің өтеуі, өмірдің жаңа белесі. Әріптестерінің білікті басшыға деген ізгі тілектер легі ақтарылды. «Ендігі уақытта еңбегіңіздің жемісін көріп, отбасының ортасында, ұрпақ қызығына бөленіп, бейбіт те бақытты ғұмыр кешіңіз!», – десті олар бірауыздан. Біз де сол лепеске қосылып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық пен береке тілейміз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
