Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Бата беріп, бас жүлде алды

Бата беріп, бас жүлде алды

3 қаралым

«Ауыл» партиясының бастамасымен өткен «Батамен ел көгерер» атты республикалық батагөйлер байқауында Алматы облысының атынан қатысқан Берік Байылов жеңімпаз атанды.

Берік Шәріпұлы – Қонаев қалалық кешкі мектептің директоры. «Жалғыз жарық», «Тасқа тұнған тамшылар», «Өмірімнің өрнегі» атты жыр жинақ­тарының авторы. Халықаралық Д.Қонаев қорының «Мерей» ордені мен «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгі­сінің иегері. 2001 жылы «Жыл мұғалімі» байқауының жүлдегері атанған. Сүйінбай Аронұлының 190 жылдығына орай өткізілген аймақтық ақындар айтысында және Д.Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған мүшәйрада 1-орынды еншілеген.
Байқаудың марапаттау рәсімі Астанадағы ҚР Ұлттық музейінің мәжіліс залында өтті. Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайрат­кер­лері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары мен бата­гөйлер қатысты. Сонымен бірге жыршы-термешілер «Аталар сөзі – асыл мұрамыз» атты концерттік бағдарламасын ұсынып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Бұдан бөлек, еліміздің әр түкпірінен келген батагөйлерге елорданың рухани-мәдени орталықтарына бір күндік саяхат ұйымдастырылды.
– Бұл жетістігімді жеке басымның ғана емес, бүкіл облыстың жеңісі деп білемін. Осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шара ұйымдастырған «Ауыл» партиясына айтар алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды Берік Байылов.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ