☀️
22°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 25, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Өнермен өрілген өмір

    25.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет
    Өнермен өрілген өмір
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Қазақ даласының төсінде халықты әнімен тербетіп, сырлы әлемге жетелеп, жүрек сөзін көптің көкірегіне жеткізе білген өнер иелері баршылық. Солардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетованың шоқтығы биік. Биыл 75 жасқа толып отырған әншінің ғұмыры – қазақ ән өнерінің тұтас бір кезеңін айшықтайтын шежірелі жол.

    Сырлы дауыс иесі Сұлушаш Құлжабайқызының үні – кең даланың самалындай жұмсақ, тау бұлағындай сыңғырлаған, терең тұңғиықтай толқып тұратын ерекше әлем десек, артық айтпағанымыз. Оның әнін тыңдаған әрбір жан өз жүрегінің түкпіріне үңілгендей күй кешеді. 1951 жылдың қаңтарында Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келген Сұлушашты ата-анасы екі жасынан бастап нағашы ата-әжесінің тәрбиесіне береді. Сол шаңырақтың шырағы, шаттығы болған оның алғашқы сахнасы қарапайым ауыл үйінің төрінен басталды. Есікке ілінген перденің арасынан сығалап тұрып, бар дауысымен ән салғанда оны қоштап, қолпаштап отырған алғашқы көрермені – атасы мен әжесі болған. Олар немересінің биік белесті бағындырарына сол кезде-ақ нық сенімді еді. Сол ықылас, мейірім, сенім оның бойындағы өнердің ұшқынын үрлеп, жалынға айналдырды. Нағашы әжесінің де өнерге жақындығы кішкентай Сұлушаштың әнге деген ынтасын арттыра түсті. Таулы өлкедегі той-думанда көпшіліктің қолқалауымен ән шырқап, тіпті айтысқа да түсетін әжесінің үні оның жүрегінде сақталып қалды. Сол бір балаң шақтағы әсер кейін үлкен өнердің іргетасына айналарын ол кезде ешкім де сезбеген еді.
    Төрт жасында атасының сыйлаған патефоны Сұлушаштың өміріндегі ерекше белес болды. Дөңгелене айналған күйтабақтан төгілген Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, Роза Бағланова сынды саңлақтардың әндері оның жандүниесін тербеп, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігін оятты. Әсіресе Роза Бағланованың өнері жас Сұлушаштың жүрегінде ерекше із қалдырды. Ол қайталанбас өнер иесіне еліктеп, сол кісідей болуды армандады.
    Жайлаудағы жаз – еңбек пен думанның, тіршілік пен өнердің астасқан шағы. Сырт пен Шұбарталдағы қымыз иісі аңқыған кештер, қырғыз ағайындардың келіп сахналық қойылым көрсетуі жас өнерпаздың таным көкжиегін кеңейтті. Қырман басында, қой қырқу науқанында ауылға арнайы келген Бибігүл Төлегенова, Нұрсұлу Тапалова сынды саңлақтардың өнерін тамашалау оның арманына қанат бітірді.
    Өнерге енді қанат қаққан жас әнші жетінші сыныптан бастап Нарынқол халық театры сахнасында көңілдің көгінде қалықтаған үнімен талайды тәнті етті. Мектеп қабырғасында жүргенде Аспантау өңіріне атақты композитор Әсет Бейсеуов келеді. Ол Сұлушаштың әнін тыңдап, қабілетін бірден байқайды. «Алматыға кел, оқуға түс» деп айтқан композитордың бір ауыз сөзі оның үлкен өміріне жолдама болды. Осылайша, 1971 жылы Сұлушаш Құлжабайқызы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясының табалдырығын аттады. Оқуды аяқтаған соң Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі­нің жолдамасымен «Қазақконцерт» бірлестігінде кәсіби өнер жолын бастап, өмірі сахнамен біте қайнасты. Саф өнердің саңлағы Сұлушаштың күміс көмейінен төгілген үнге ғашық, қайта-қайта әнін тыңдауға асық жұртшылық оның шығармашылығының басты ерекшелігі – шынайылығында екенін айтады. Расымен де, ол әнді жүрегімен сезініп, тұнық әуенді тыңдарманға сол күйінде жеткізеді. Оның репертуары тек қазақ әндерімен шектелмейді. Қырғыз, қарақалпақ, орыс, түрікмен әндерін де шебер орындап, өнердің шекарасы жоқ екенін дәлелдеді.
    Алайда өнер жолы әрдайым тек қуаныштан тұрмайды. Оның өмірінде де сынақтар аз болған жоқ. Сәтмағанбетпен құрған отбасы – өмірінің ең шуақты кезеңдерінің бірі болғанымен, тағдырдың жазуымен 16 жылдан кейін жолдары екіге бөлінді. Ән мен әуенді, сыр мен жырды сыйдырған жұмыр жүрегіне салмақ салған ауыр кезеңдердің бірі осы болды. Қызы Алма өзінде болғанымен, ұлы Мырзахметтің төрт айлығынан ата-әжесінің қолында өсуі, оған аналық мейірімнің толық берілмеуі жүректі сазбен сөйлеткен өнерпазға оңайға соқпады. Жанын ұзақ жыл бойы мазалаған мұң – өз ұлының «Алмаштың мамасы» деп атауы. Бірақ ол сынаққа сынбады. Керісінше, өмірдің әрбір қиындығын өнерге айналдыра білді. Уақыт өте келе бәрі өз орнына түсті. Бүгінде балалары өсіп, немере-жиендері айналасын шаттыққа бөлеп отыр. Әсіресе, немересі Іңкәрдің өнерге жақын болғанына әжесі ерекше қуанады.
    Сұлушаш Нұрмағамбетова тек қана әнші емес, ол – ұстаз, тәлімгер. Жас таланттарды қолдап, олардың өнер жолына түсуіне ықпал етіп келеді. Бұл – оның өнерге деген адалдығының тағы бір қыры. Ол заман ағымын да жақсы түсінеді. Қазіргі жастардың өнеріне сын көзбен қарай отырып, талантты жас буынды қолдайды. Өнердің әр кезеңінің өз үні бар екенін мойындайды. Бірақ шынайылық пен сапаны әрқашан алдыға қояды. 1998 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Бұл – әншінің көп жылғы еңбегінің еленуі. Дегенмен өнерпаз атақ үшін емес, өнер үшін өмір сүретінін әлдақашан дәлелдеген. Оның ең үлкен марапаты – халықтың махаббаты, тыңдарманның ыстық ықыласы.
    Жетпістің жотасынан асса да, Сұлушаш Құлжабайқызы өнердің шамшырағын биікте ұстап келеді. Оның әрбір ісі – ұлт руханиятына қосылған өлшеусіз үлес, әр қадамы – кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге. Әнші үшін сахна – жай ғана өнер көрсететін орын емес, ол – аманат арқалаған қасиетті кеңістік. Соның айқын дәлелі – Қазақстанның халық әртісі, 500-ден астам әнін халқына мұра етіп қалдырған Әсет Бейсеуовтің шығармашылығын жаңғырту жолындағы табанды еңбегі. 2013 жылдан бері бастау алған «Әсеттің әсем әндері-ай» атты ән кеші бүгінде дәстүрге айналып, жыл сайын тыңдарманын рухани сусындатып келеді. Бұл – ұмыт бола бастаған асыл әндерді қайта тірілтіп, ұрпақ санасына сіңіру жолындағы шынайы жанашырлықтың көрінісі. Сұлушаш Құлжабайқызы тек сахнамен шектелмей, рухани қазынаны нақты істермен де толықтырып келеді. Әсет Бейсеуовтің 500 әнін қамтыған екі томдық еңбегін дәріптеп, композитор атындағы мектепке қамқорлық танытудан танған емес. Концертінен түскен қаражатты мектеп мұражайын жөндеуге жұмсауы – өнер адамына тән биік парасат пен азаматтықтың ерен үлгісі.
    Туған жерге деген перзенттік ілтипаты да ерекше. Райымбек ауданы бөлініп, орталығы Нарынқол болғанда Алматыда «Армысың, Хантәңірі!» атты тағылымды кеш ұйымдастырып, одан түскен қаржыны ел игілігіне табыстауы – нағыз елдік істің белгісі. Бұл әрекет өнердің тек рухани ғана емес, әлеуметтік жауап­кершілік жүгін де көтере алатынын дәлелдейді.
    Жаны таза өнерпаздың ән әлеміндегі басты мақсаты – тек орындаушылықпен шектелмейді. Ол – өзге де талант иелерінің шығармашылығына жан бітіріп жүрген жанашыр тұлға. Ағайша Исағұлованың «Көкпар», Темірәлі Бақтыгееревтің «Барып қайт, балам, ауылға», Құралай Сәтмұханбетованың «Ауылға барам» атты кештерін дәлел ретінде айтуға болады. Ел басына күн туып, тасқын белең алған кезде өнер жұлдыздарымен бірге қайырымдылық пен қамқорлық жасағанын айта кеткен жөн.
    Әншінің өнеріне деген құрмет шекара асып та жатыр. Алматыдағы «Тағдырым, саған ризамын» концертінде Қарақалпақстаннан арнайы делегация келіп, ресми құттықтауын табыстауы, дәл осы кеш Астанада жалғасын тапқанда Қырғыз Республикасының Елшісі қатысып, арнайы шақырту жасауы – Сұлушаш әнінің халықаралық деңгейде бағаланғанының белгісі. Әншінің орындауындағы қырғыздың алты әні қазақтың алтын қорына енуі – оның өнердегі көпір бола білгенін көрсетеді. Елге қуаныш, жерге шаттық сыйлаған осындай кештері арқылы ол өз өмір жолын өнермен өріп, тыңдарман жүрегіне шынайы алғыс пен терең сезім ұялата білді.
    Сахнада жарты ғасырдан астам уақыт өнер көрсетіп келе жатқан Сұлушаш Құлжабайқызының әсем әндері жүректерді тербетіп, талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз.

    Құралбек СӘБИТОВ

    Соңғы жаңалықтар

    ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ҚАТАРЫ МОЛАЙДЫ
    25.04.2026
    Мектеп парламенті
    25.04.2026
    Нағима апай
    25.04.2026
    Қас-қағым сәттен сыр шерткен
    25.04.2026
    Өнермен өрілген өмір
    25.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>