Бүгін таңмен таласа Байсерке ауылының белсенділері «Dubai Resort» туристік демалыс аймағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырды.
Табиғатты қорғау мен қоғамдық кеңістікті таза ұстауды басты құндылыққа айналдырған ауыл тұрғындары бұл жолы да ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Сенбілік барысында демалыс аймағының аумағы толықтай тазартылып, тұрмыстық қалдықтар жиналды. Іс-шараға қатысқан 50 ауыл еріктілері тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қоршаған ортаға жанашырлықтың нақты үлгісін көрсетті.
Айта кетейік, «Dubai Resort» – Байсерке ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан ірі туристік жобалардың бірі. Кешен бір мезетте 1100 адамды қабылдауға қауқарлы. Қазіргі таңда нысан толыққанды жұмыс істеп тұр және жоба аясында 60-тан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
2025 жылдың шілде айында пайдалануға берілген «Dubai» аквапаркі өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, ауыл инфрақұрылымының дамуына да тың серпін берді.
Байсеркедегі бүгінгі сенбілік – тек бір күндік шара емес, бұл – жауапкершілік пен жанашырлықтың нақты көрінісі.



